20 қараша – сайлау күні. Осыған байланысты сайлау учаскелері таңертеңнен ерте ашылып, өз жұмысына кірісе бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біз «Астана» концерт залындағы сайлау учаскесіне бардық.
№139 сайлау учаскесі «Астана» концерт залында 2522 сайлаушы тіркелген. Басқа қаладан келгендер саны 5, үйден 2 адам дауыс береді.
Сайлау комиссиясының төрайымы Альмира Мұратбекова сайлау басталмас бұрын тексеріс жұмысын жүргізді. Төрайым учаскенің сайлауды өткізуге толықтай дайын екендігін, алғаш рет дауыс беретін сайлаушыларға сыйлық ұсынатынын айтып жеткізді.
«№139 сайлау учаскесі сайлауға толығымен дайын. Алғаш болып дауыс берген 10 адамға сыйлық беріледі. Бірінші рет сайлауға қатысқалы отырған дауыс берушілерге де сыйлық дайындап қойдық», - деді Альмира Кеңесовқызы.
Сейфтен бюллетеньдер шығарылып, саналды. Комиссия мүшелерінің біріне 447, қалғанына 300 бюллетень таратылды.
«Ерте тұрып үйреніп қалғандықтан, бірден сайлау учаскесіне дауыс беруге келейік деп шештік. Жаңа Қазақстаннан жақсы өзгерістерді күтеміз», - дейді дауыс беруші Боран Уалиев.
Осылайша дауыс беруге келген сайлаушылар елімізге жаңа басшыны тағайындаудың халық үшін қаншалықты жауапкершілігі мол іс екенін көрсеткендей болды.