22.12.2025
18:19
899
Астанада әлеуметтік нысандар маңындағы тұрақтар тегін болады

Астанада әлеуметтік нысандар маңындағы тұрақтар тегін болады

Астанада қалалық тұрақ жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек брифинг барысында мәлімдеп, алдағы уақытта қай аумақтарда автотұрақтар тегін болатынын және орталық көшелерде неге ақылы тұрақ сақталатынын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әкімнің айтуынша, бүгінде қаладағы барлық автотұрақтар толықтай әкімдік меншігіне өткен. Осыдан кейін билік тариф саясатын қайта қарауға кіріскен.

Алдымен барлық әлеуметтік нысандардың – мектептер, ауруханалар, емханалар және күнделікті тұрғындар баратын басқа да мекемелердің алдында орналасқан тұрақтарды тегін етуді жоспарлап отырмыз, – деді қала басшысы.

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, бұл жекелеген шешімдер емес, қалалық тұрақ кеңістігіне қатысты кешенді өзгерістердің бір бөлігі. Нәтижесінде қалада көптеген автотұрақтар толықтай ақысыз болады.

Сонымен қатар әкім орталық бөлікте ақылы тұрақтар сақталатынын атап өтті.

Қала орталығында, көлік қозғалысы тығыз әрі кептеліс жиі болатын көшелерде ақылы тұрақтан бас тарту жоспарланып отырған жоқ, – деді ол.

Әкімнің пікірінше, мұндай шешім жүргізушілерді ең жүктемесі жоғары аймақтарда көлікті ұзақ уақытқа қалдырмауға ынталандырады.

Брифинг барысында минут бойынша төлем енгізу мәселесі де қозғалды. Қала басшысы бұл жүйеден бас тартылғанын айтты.

Бұған дейін талқыланғанымен, Астанада минут бойынша тарификация енгізілмейді. Оның орнына сараланған тәсіл қолданамыз. Яғни кейбір аумақтарда көлікті 15 минут, жарты сағат немесе бір сағатқа дейін тегін қою мүмкіндігі беріледі. Бұл уақыт нақты локация мен жүктемеге байланысты анықталады, – деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Осылайша, қала билігі тұрақ жүйесін халықаралық тәжірибеге жақындатуды көздеп отыр: қысқа мерзімді аялдама – тегін, ал көлік қозғалысы тығыз аймақтарда ұзақ уақытқа қою – ақылы болады.