Астанада әлемнің әскери оркестрлері өнер көрсетеді

4 Шілде 2023, 21:07 1201

Елорданың 25 жылдығына орай Қорғаныс министрлігі қалалық әкімдікпен бірлесіп, «Астана – мәдениет керуені» әскери оркестрлердің I халықаралық әскери-музыкалық фестивалін ұйымдастырып отыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

6 шілдеден бастап, үш күн қатарынан, қаланың әртүрлі алаңдарында Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы күштерінің музыкалық ұжымдары өнер көрсететін болады. Пәкістан делегациясы байқаушы ретінде келмек.

Қазақстан атынан Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі және Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі қатысады. 

5 шілде күні сағат 12.00-де Орталық коммуникациялар қызметінде Қорғаныс министрлігінің өкілдері өткізілетін іс-шараның ерекшеліктері мен мақсаттары туралы егжей-тегжейлі айтып береді.

Көрсетілімдерді Band Marathon бастайды. Ол 6 шілдеде сағат 19.30-да Есіл өзенінің жағасындағы жазғы амфитеатрда өтеді. 

7 шілде сағат 20.00-де елорданың түрлі алаңдарында өтетін шоудың қойылымы қала тұрғындары үшін ерекше сыйлық болмақ. Орталық саябақта Қазақстан Президенттік оркестрі мен Үндістан, Өзбекстан және Жапонияның әскери ұжымдары өнер көрсетеді. «Бәйтерек» монументінде Қазақстан, Ресей және Түркия қорғаныс министрліктерінің оркестрлері өз бағдарламаларын ұсынады. Ал «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында Әзербайжан, Қытай және Қазақстан Ұлттық ұланының окестрлері өнер көрсетпек.

Іс-шаралар 8 шілдеде «Барыс Арена» мұз сарайында өтетін гала-концертпен аяқталады. Басталуы сағат 12.00-де. Онда көрермендер оркестрлер дефилесі, олардың бірлескен қойылымдары және музыкалық тосынсыйлары бар қызықты музыкалық-театрландырылған қойылымның куәсі болады. 

Әзербайжан Республикасы Гейдар Алиев атындағы әскери институты оркестрінің репертуарында зурна мен балабанның сиқырлы дыбыстары бар армия шерулері мен ұлттық әуендер бар. XIV ғасырға дейін Әзербайжан өнері Таяу Шығыс халықтарының музыкалық дәстүрлерімен тығыз байланысты болды. Мұны Шығыс музыкасынан хабары бар сезімтал көремен бірден аңғармақ.

Үндістан Әскери-әуе күштері оркестрінің музыканттары көрерменді түрлі-түсті, ерекше формасымен және композицияларының ерекшелігімен таң қалдыратын болады. Онда дәстүрлі еуропалық аспаптардың дыбысы үнді ситары мен сародына баса назар аударылады. 

Халықтың бай мәдени тәжірибесін мұра еткен Қытай Халық-азаттық армиясы әскери оркестрінің қойылымында тыңдаушылар ежелгі музыкалық дәстүрлерді де, оркестр өнерінің қазіргі тенденцияларын да түсіне алады.

Саптық, классикалық және джаз әуендерімен Ресей Қорғаныс министрлігі Батыс әскери округінің 23-ші әскери оркестрі өнер көрсетеді. Орыс музыканттарының орындау тәсілі шеберлікпен, интонацияның тазалығымен және нәзік нюанстарымен ерекшеленеді.

Түркияның сан ғасырлық музыкалық дәстүрлері «Мехтеран» әскери оркестрінің орындаушылық мәдениетінен байқалды. Түрік әскери музыкасы еуропалық әскерлердің бравур маршына әсте ұқсамайды. Атақты Моцарттың «Түрік маршы» да халықаралық фестиваль бағдарламасында міндетті түрде орындалатыны көңіл қуантады.

Өзбек кернейінің дыбысы да қазаққа жақын. Бұл бауырлас халықтардың музыкалық дәстүрлерінің жақындығын көрсетеді. 

Тайко барабандары – жапон әскери оркестрін танымал етіп келе жатқан дәстүрлі аспап. Ежелгі наным бойынша, олар шайқаста жаудың үрейін ұшырып, командаларды жеткізіп, жауынгерлік маневрлерді үйлестірген. Фестивальде Жапонияның Өзін-өзі қорғау теңіз күштерінің «Токио бэнд» оркестрі астаналықтарға ежелгі әскери музыка мен заманауи марштардың үлгілерін ұсынбақ. 

Астана күніне орай ұйымдастырылған халықаралық әскери оркестрлер фестивалі Қазақстанның ынтымақтастық пен тату көршілікке деген ұмтылысын көрсетеді. Музыка мен өнер тілі қуатты біріктіруші күш ретінде қызмет етеді. Бүгінде ол бейбітшілік пен жасампаздық жаршысы бола берсін.

Берік Арманов
Бөлісу: