Астанада «Алаштың Ақселеуі» атты дөңгелек үстел өтті

14 Желтоқсан 2022, 12:00 2155

Астанада «Алаштың Ақселеуі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Отырысқа белгілі жазушы, ғалымдар Әлібек Асқар, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері мен ЖОО-ның филолог магистранттары мен докторанттары қатысты.

Отырыстың мақсаты жазушының өмірі мен шығармашылығына талдау жасап, қатысушылар тарапынан көп туындайтын сауалдарға зиялы қауым өкілдерінен, көзі көрген жазушылар тарапынан жауап алу, этнограф болмысын ашу болды. Кездесуде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әлібек Асқар Ақселеу Сейдімбектің шығармаларын сүйіп оқығанын айтты.

«Ақселеудің мақалаларының өзін көркем әңгімедей оқитынбыз. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың орысша шығармасын қазақшаға керемет аударған. Газетке шыққан кезде астын сызып оқитын едік», – деді жазушы.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты көзі тірі болғанда Ақселеу Сейдімбек 80 жасқа келер еді дейді.

«Ахаңның туғанына 80 жыл толып отыр. Өзі 2009 жылы өмірден өтіп кетті. 80 жас тұрмақ 70-ке жете алмады. Бәріміз бірге жиылып оны Жаңаарқаға бір биікке апарып қойдық. Ол жердегі биік «Бәйге биік» деп аталған екен. Енді ол жерді «Ақселеу биік» дейміз», – деді Әлібек Асқар.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Мырзатай Жолдасбеков Ақселеу Сейдімбекті ұстазым болған дейді.

«Қазақта небір шешендер, көсемдер өткен ғой. Оның бірі Ақселеу Сейдімбек еді. Ақселеу қасымызда қатар жүрген күннің өзінде аңыз адамға ұқсайтын. Ол біздің ұстазымыз болды, сабақ берді. Қазақтың тарихына қатысты әңгімені кез келген жерден ойып айта беретін», – деп Мырзатай Жолдасбеков жазушыны еске алды.

Сонымен қатар биыл жазушының «Ақиық» хикаятына 50 жыл толып отыр. Ақселеу Сейдімбектің «Ақиық» сынды әр шығармасы жас ұрпаққа мұра болып қалмақ.

Шара аясында ғалым Ақселеу Сейдімбектің талай жылдық зерттеу еңбектері мен кітаптарынан көрме ұйымдастырылады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: