Адам мен табиғаттың, дыбыс пен бейненің, уақыт пен жадының арасы қай тұста түйісіп, бір кеңістікке айналады? Осы сұрақтың жауабын іздеген көрермен Ұлттық мұражайда ұйымдастырылған корей суретшісі Хван Сонджонның «Планетарлық өрім» атты ерекше көрмесіне жиналды.
Хван Сонджон – қазіргі заманғы өнер мен жаңа медиа бағытында жұмыс істейтін кореялық суретші әрі композитор.
Ол өз шығармаларында табиғат, технология және адамның сезіну қабілеті бір-бірімен қалай байланысатынын зерттейді.
Суретші бейне, инсталляция, перформанс және дыбыстық кеңістіктер арқылы жұмыс істейді. Оның мақсаты – тірі ағзадағы табиғи үдерістер мен цифрлық технологияның өзара әсерін көрсету.
Хван Сонджон түрлі заманауи құралдарды қолданады: табиғаттағы дыбыстарды жазу, 3D-сканерлеу, компьютерлік бағдарламалау және алгоритмдер. Осы арқылы ол адам сезімі, ақпарат және материалдық әлемнің қалай бірге дамитынын көрсететін ерекше өнер туындыларын жасайды.
Көрменің ашылу салтанатына Корей мәдени орталығы директоры Ку Бон Чхоль қатысты.
Суретші соңғы бес жыл бойы дамытып келе жатқан «Танхаму» атты шығармашылық тұжырымдамаға негізделген 10 негізгі туындысын ұсынды.
Бұл жұмыстарда ол технология мен табиғаттың, адам денесі мен қоршаған ортаның бір-бірімен қалай байланысатынын көрсеткен.
«Планетарлық өрім» көрмесі қазіргі әлемдегі соғыс, экологиялық қиындықтар және технологияның жылдам дамуы сияқты жаһандық мәселелер жағдайында адамның әлемді қалай қабылдайтынын қайта қарастыруға бағытталған.
Суретші қазіргі жүйедегі бөлінулерге сын көзбен қарап, әлемді біртұтас экожүйе ретінде түсінуге шақырады. Мұндағы «өрім» ұғымы тек көркем образ емес, ол әртүрлі уақыт, кеңістік пен естеліктердің байланысын көрсететін ойлау тәсілі ретінде қарастырылады.
Автордың жұмыстарында қозғалыс, би, поэзия, мәтін, дыбыс және бейне бір-бірімен ұштасып, араласқан. Бұл көрерменге адам, табиғат және технология арасындағы байланысты тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Көрме экологияны жай ғана фон емес, адамның өмір сүруінің маңызды бөлігі ретінде қабылдауға шақырады. Сонымен бірге адам, табиғат және технология арасындағы ортақ байланыс пен үйлесімділікті сезінуге жол ашады.
\
Іс-шараға келген көрермендер көрмеге жоғары қызығушылық танытып, оны жылы қабылдады. «Планетарлық өрім» көрмесі 2026 жылғы 7 сәуір мен 24 мамыр аралығында келушілер үшін ашық болады.