Астанада ABU отырысы өтті

26 Тамыз 2022, 21:51 1155

Аталған Одақ Азия және Тынық мұхиты аймағына қарасты хабар таратушылардың тірегі екені бәрімізге айқын.

Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы (ABU) Қазақстан астанасында өзінің 113-ші отырысын өткізді, деп хабарлайды EL.KZ АҚДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1964 жылы құрылған халықаралық одақ – әлемнің 69 елінде 256 мүшесі бар хабар тарату ұйымдарының ең ірі ассоциациясы.

ABU Әкімшілік кеңесінің мәжілісіне қатысуға KBS (Корея Республикасы), NHK (Жапония), НТРК (Өзбекстан), Prasar Bharati (Үндістан), Hum TV (Пәкістан), VTV (Вьетнам), IRIB (Иран), TRT (Түркия) секілді өңірдегі ірі ұлттық хабар таратушылар өкілдері келді.

ABU отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров сөз сөйледі. Ол Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы қызметінің ерекше маңызды екендігін атап өтті.

Теле-радио салаларын дамыту мақсатында жарты ғасырдай уақыт бұрын құрылған ABU одағы - бүгінде ең ауқымды және нақты іс-шараларды жүзеге асырып жүрген іргелі медиа институттың бірі. Аталған Одақ Азия және Тынық мұхиты аймағына қарасты хабар таратушылардың тірегі екені бәрімізге айқын, - деді Асқар Омаров.

ABU Әкімшілік кеңесінің 113-ші отырысы "Хабар" Агенттігінің ұйымдастыруымен өтті.

Агенттік 1998 жылдан бері Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының толыққанды мүшесі және Әкімшілік Кеңес пен Жоспарлық-стратегиялық топ құрамына кіреді. ABU аясындағы ынтымақтастық «Хабар» Агенттігінің аймақ аумағындағы коммуникация мен іскерлік байланысын кеңейтіп, өзінің әлемдік аренадағы мәртебесін айтарлықтай биіктетуіне, «Khabar» брендінің Қазақстанның ең ірі бұқаралық ақпарат құралдарының бірінің синонимі ретіндегі танымалдылығын күшейтуіне мүмкіндік берді.

EL.KZ
Бөлісу: