Елордада 2 жыл ішінде 30 балабақша, 40 мектеп салынады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана қаласы тұрғындарының орташа жасы – 30. Жыл сайын 30 мыңнан астам бала туылады. Қалада балабақшалар жетіспейді. Мектептердегі бала саны шамадан тыс толық болып отыр.
Салынатын мектептердің ішінде жергілікті бюджет есебінен 13 жергілікті мектеп пайдалануға беріледі. Оның 11-і биыл тапсырылады. Жеке инвестициялар есебінен қазір 3 мектеп салынып жатыр, - деді әкім.
Сондай-ақ осы жылы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 24 мектептің құрылысын бастау жоспарда бар. Оның 15-інің құрылысы жүріп жатыр. Әкім осы маусым айында біз 15 заманауи балаларға білім беру орталығын салуға мемлекет басшысының қолдауын алдық дейді.
Оған қоса Жеңіс Қасымбек денсаулық сақтау саласына да тоқатала кетті.
Екі перинаталдық орталық салу жоспарлануда. Бір орталық бойынша құрылыс жұмысы осы жылы басталады. Жеке инвестициялар есебінен биыл екі амбулаториялық-емханалық кешеннің құрылысы жүреді. Әлемдік деңгейдегі медициналық кластер құру елорданы дамыту жоспарында бар, - деді ол.