Астанада 242 адам қызылшадан емделіп жатыр

3 Қараша 2023, 16:40 679

1 қарашадағы жағдай бойынша елордада қызылшадан стационарлық емделуде 242 пациент бар, оның 174-і – бала. Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова мәлім етті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Спикер қызылшамен сырқаттанушылықтың жоғары болуы мектепке дейінгі балалар ұйымдарын, мектептерді, жоғары оқу орындарын, медициналық ұйымдар мен әскери бөлімдерді қоса алғанда, ұйымдасқан ұжымдарда байқалатынын атап өтті.

2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елордада қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы жоспарлы вакцинациямен қамту 77,5% құрады, 22 245 бала егілді. 6-7 жастағы балалардың қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы ревакцинациямен қамтылуы – 78,8%, - деді спикер.

Астанада қызылшамен сырқаттанушылықтың 96%-ы вакцинацияланбаған балалар мен екпе мәртебесі белгісіз ересектер арасында тіркелген.

Осы жылдың 1 қарашасына басқарма қоймасында 29 419 доза мөлшерінде қызылшаға қарсы вакцина бар, сондай-ақ 121 мың контингентті вакцинациялау үшін Үкімет резервінен 121 000 доза қосымша сатып алу келісімі жасалды.

Қызылша ауруы бар пациенттерге сапалы, қолжетімді және уақытылы медициналық көмек көрсету мақсатында басқарма «қызылшасы бар балаларға медициналық көмек ұйымдастыру туралы» бұйрықты бекітті. Балалар арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты №3 МГДБ төсек қоры 500 төсекке дейін, оның ішінде реанимациялық төсек-орын 20 төсекке дейін ұлғайды, - деді Әлия Рүстемова.

Сонымен қатар, қазан айының басынан бастап Қалалық жұқпалы аурулар орталығында қызылшамен ауыратын науқастарды ауруханаға жатқызу үшін 100 төсек орналастырылды, резервте тағы 100 ересек төсек бар.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: