Астанада 15%-дық жеңілдікпен азық-түлік жәрмеңкесі өтуде

19 Қараша 2022, 16:25 1137

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай жәрмеңке өтіп жатыр

Елорданың Жүргенов 29 бен Сауран 7 мекенжайлары бойынша 10-15%-дық жеңілдікпен 31 кәсіпкер ауыл шаруашылық өнімдерін сатылымға шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Қарашаның үшінші демалыс күндері өтетін шаруа қызметкерлерінің кәсіби мейрамына арналған жәрмеңке тұрғындарды табиғи өніммен қамтамасыз етуде. Мемлекеттің барлық аумағында жүзеге асып жатқан жәрмеңкенің мақсаты – тұрғындарға ыңғайлы бағада таза өнім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету.

«Тұтынушы өнімдерде баға өсімі көбейгені қоғам арасында қолайсыздық тудырды. Мереке қарсаңында жылда өтетін жәрмеңке биыл халық үшін ерекше өтіп жатыр. Арзан бағада азықпен қамтамасыз ету бойынша бүгінгі сатылымда балықтан басқа өнімдердің барлығы бар. Отыздан астам шаруалар өз өнімдерін ұсынуда», - дейді Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы Нұрдәулет Құсман.

Облыстың тауар өндірушілері нарық бағасынан төмен бағада таңдауы бар өнімдерді сатылымға қойған. Азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған шаруалар сұраныс көп болса, өнімде көбейеді дейді.

«Көкшетау қаласы, Зеренді ауданында мал шаруашылығымен айналысып жүргенімізге 6 жылдан асты. Жыл сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеге табиғи сапалы өнім әкелеміз. Халықта қазіргі қойылған бағаға дән риза. Қымбатшылық болып жатқанда, жерлестерімізге көмек қолын созуға мүмкіндік жасаған үйымдастырушыларға да алғыс», - дейді құс шаруашылығымен айналысып, алты азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Наргүл Әубәкірова.

EL.KZ
Бөлісу: