Астана Жастар театрының "Айман-Шолпаны"

18 Наурыз 2019, 09:39 7372

85 жыл сахналанып келе жатқан спектакльде не өзгеріс бар?  

"Айман-Шолпан" дастаны қазақ халқының ұлттық болмысын бейнелейтін шоқтығы биік шығармалардың бірі. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезов ұлттық поэма сюжетінің негізінде "Айман-Шолпан" пьесасын өткен ғасырдың отызыншы жылдарында жазған болатын. 1934 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында режиссер Жұмат Шанин музыкалық спектакльді тұңғыш рет сахналап, Айман партиясын қазақтың бұлбұлы - Күләш Байсеитова орындаған еді. Содан бері шоқтығы биік бұл шығарма Қазақстанның театр репертуарларынан түскен емес.

Сахна төрінде қойылып келе жатқанына 85 жыл болған бұл спектакльде қандай өзгерістер бар? Көрермендер қалай қабылдауда? Бұл сұрақтардың жауабын 15-16 наурыз күндері Астана Жастар театры ұсынған М.Әуезов, Қ.Мұхамеджановтың "Айман-Шолпан" музыкалық комедиясының премьерасынан тапқандай болдық. Спектакльдің қоюшы режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Қоюшы суретші - Ерлан Тұяқов, балетмейстері - Анар Жүсіпова, хормейстері - Анель Токирова, қазақи әуендерге құрылған музыкалық әрлеушісі - Жандәулет Батай.

Астана Жастар театрында Нұрқанат Жақыпбайдың осыған дейін қойған "Асауға тұсау", "Ревизор" сынды классикалық шығармаларын көрермен қауым ыстық ықыласпен қабылдаған. Ал "Айман-Шолпан" қазақ көрермені үшін ерекше қойылым. Мұнда қазақтың тұрмыстық элементтері өнермен әдемі өрнектелген, тұтас бір дәуірдің қоғамдық әлеуметтік, қажет десеңіз саяси өмірінің де болмысын ашады.

"Айман-Шолпанды" қойған театр жалғыз Астана Жастар театры емес. Режиссер Нұрқанат Жақыпбай да бұл шығарманы тұғыш рет сахналап отырған жоқ. Былтыр қараша айында ғана Н. Жақыпбай Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында да қойған болатын. Ал Астана жастар театрында сахналанған қойылымның ерекшелігі неде?

Шымылдық ашылып, қойылым Айман мен Шолпан бастаған қыздардың биінен басталады. Көрерменді бірден баулап, көзін қуантқан мың бұралған қыздардың әдемі биі ғана емес, көздің жауын алатын келісті образдар, ұлттық нақыштағы киім-кешек, сахна декорациясы дер едім.

"Егемен Қазақстан" газетінде Назерке Жұмабайдың Нұрқанат Жақыпбай туралы "Сен мені спектакльдерімнің ішінен ізде" портреттік очеркінде режиссер Астана Жастар театрындағы алғаш қадамдары туралы естілігінде былай деп еді: "Қиналдық, бірақ қинала жүріп алдағы жарқын күндерден бір сәт те үмітімізді үзбедік. Уақытпен санаспай жұмыс істедік. Бізде сенетін де, арқа сүйеп, иек артатын да ешкім болмады. Сондықтан, өзімізге, екі қол мен жүрегімізге, маңдай терімізге сендік. Түні бойы отырып, таң атқанша костюм тігеміз, киім үлгілерінің эскизін жасаймыз. Басында арнайы суретшісіз, кеңесшісіз жұмыс істедік. Өйткені, оған беретін ақшамыз болған жоқ. Базарға барып арзан бағамен мата, целлофан, жылтыр қағаздарды сатып әкелеміз де, орыс театрының иістеніп кеткен сыз жертөлесінде отырып, түнімен киім тігіп, декорацияны дайындаймыз". 

Сахнадағы талғаммен әрі сәнмен киінген қыздарды көріп дәл осы естелігі есіме оралды. Үміт ақталып, маңдай тер нәтижесін берген болуы керек. Біздің көзіміз үйренген, шаршаңқы "ұлттық киімдер" емес, этнографтардың еңбектерінде сипатталатын XIX ғасырға тән киім-кешектің үлгісін көргендей болдық. Этонграфиялық құндылық тек қойылым костюмдерінде ғана емес, қазақтың орамал тастау, соқыртеке, ләңгі тебу, аударыспақ сияқты ұлттық бимен айшықтай білген хореграфиясында көрініс табады. Жалпы, Астана жастар театры қойылымдарының басым көпшілігі өзінің тамаша хореографиясымен өзге театрлардан оқ бойы озық тұрады. Ал бұл қойылымда көрініс тапқан күрделі акробатикалық трюктер, жонглерлік элементтер театр әртістерінің талантына тәнті етті.

Музыкалық спектакльдің басты рөлін сомдаған қос ару - Назерке Серікболова (Айман) мен Мөлдір Қожагельдінің (Шолпан) өнеріне тоқталған жөн. Бастапқы партиясын орындағанда Айманның зор дауысы жасына сай келе ме деген сұрақ туындағаны рас. Дегенмен спектакль барысында салиқалы, байыпты Айман мен ерке, шолжаң Шолпанның рөлдерін сөзсіз ашқан екі актрисаға да риза болдық. Сонымен қатар Қадиша рөлін ойнаған Алтынай Нұрбек спектакльдің әрін ашқан сияқты. Әсіресе Жастар соңғы жылдары көптеген басты рөлдерді сомдап, өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген жас актриса Назерке Серікболова өзін жаңа қырынан көрсете білді. Осыған дейін драмалық, аса ауыр рөлдерді ойнап жүрген Назерке комедиялық жанрда да алдына жан салмайтынын дәлелдеді. Айман рөлі туралы Н. Серікболова Хабар телеарнасына берген сұхбатында былай дейді:

- Кейіпкерлеріміз бізге бөтен емес. Олар көңілді әрі өнерлі жастардың думанды ортасында жүретін қыздар. Бәрі көңілді, біздің табиғатымыздан алыс емес, сондықтан рольді ойнау бізге қиынға түспеді.

"Айман-Шолпан" музыкалық спектаклі Әуезов атындағы драма театрынан бастап көптеген сахналарда қойылып жүр. Алайда қазақтың тұрмыс-салт көріністерін тамаша хореграфиямен ұсына білген, жастардың думанды ойыны мен жігер-қайратын көрермен жүрегіне әсерлі жеткізген санаулы қойылымдардың бірі Астана Жастар театрының репертуарын толықтырған сияқты.

Басқа суреттерді фотогалереяға өтіп, көре аласыз.

Бэлла Орманбет
Бөлісу: