Astana велокомандасы: кеше, бүгін, ертең

12 Наурыз 2018, 18:02 6180

Қазақстанды әлемге танытқан команда

Astana велокомандасының құрылуы

2006 жылы Liberty Seguros-Würth командасы басты демеушісі Liberty Mutual-дың қолдауынан айырылып қалды. Кейін келе Würth-те командамен келісім-шартты үзді. Бұл команданың үздіктері ретінде қазақстандық Александр Винокуров пен Андрей Кашечкин саналатын. Сол уақыттағы премьер-министр әрі Қазақстан велоспорт федерациясының төрағасы Даниал Ахметовтың қолдауымен жаңа команда дүниеге келіп, оған отандық 5 үздік компания демеушілік танытты. Команда елорданың құрметіне, «Astana» деген атау алды. Алғашқы жеңістер сол жылы-ақ келіп жетті. Команданың бас жұлдызы Александр Винокуров Испания Вуэльтасында жеңіске жетсе, командаласы Кашечкин үшінші орынға тұрақтады.

Жаңа команданың қалыптасуы

Команданың жаңа басшылары бірінші кезекте Маноло Сайз басқарған Liberty Seguros-Würth командасына берілген ПроТур лицензиясын сатып алуға тырысты. Бірақ, Сайз лицензияны Astana командасына сатудан бас тартты, өз кезегінде отандық команданың басшылары оны алу үшін Халықаралық велосипедшілердің одағына өтініш берді.  Жаңа команда Швейцарияда базаланып, оның бас демеушісі Zeus Sarl компаниясы болды, ал спорттық директоры болып Швейцария турын ұйымдастырушы Марк Бивер тағайындалды. Осылайша, 2006 жылдың 20 желтоқсанында командаға 4 жылға жарамды лизенция берілді. Ал 2007 жылғы Astana-ның капитаны ретінде Александр Винокуров таңдалды. Онымен қоса, командада үздік Андреас Кледен, Паоло Савольделли, Андрей Кашечкин, Грегори Раст, Матиас Кесслер, Томас Фрай секілді велошабандоздар бар еді.  Осыған қарамастан, команда сол жылы жарқын жеңістерге қол жеткізе алмады.  2007 жылдың 24 шілдесінде Альбидің тағы бір стартында Винокуровтен алынған допинг-тест оң нәтиже берді. Велошабандоз гемотрансфузия, яғни қан құйды деп айыпталды, ол соның арқасында басқа спортшылардан оқ бойы озық болған. Осыған орай, Александр мен Astana командасы Тур де Франстың басшыларының талап етуімен турнирден шеттетілді. Сол жылғы маусымдағы командада орын алған бұл бір ғана жағдай емес. Кейін келе, Матиас Кесслер, Эдди Маццоленьи мен Андрей Кашечкин рұқсат етілмеген препараттарды қолданды деп айыпталды.

Контадордың келуі

2008 жылы команда люксембургтық лизенциямен жүрді. Допингтік проблемадан соң, команда басшылары Марк Биверді жұмыстан шығарып, оның орнына  Discovery Channel-дың бұрыңғы спорттық директоры болған Йохан Брейнелді шақырды. Оған команданы жаңарту үшін арнайы карт-бланш берді. Осылайша, Брейнел командаға Тур де Франстың жеңімпазы болған Альберто Контадормен қоса, Янез Брайкович, Сержиу Паулинью, Леви Лайфаймер, Томас Вайткус, Чечу Рубьеру, Владимир Гусев секілді сполртшыларды шақырды. Сонымен қоса ол, доктор Расмус Дамсгаардтың ойлап тапқан антидопингтік жүйесін енгізді.

13-ақпанда Джиро д’Италия мен Тур де Франстың ұйымдастырушылары өткен жылғы келеңсіздіктерге байланысты команданы жарыс жолына шығарудан бас тартты. Соның кесірінен өткен жылғы Тур де Франстың жеңімпазы болған Альберто Контадор өз титулын қорғай алмай қалды. Осыған қарамастан, Джиро д’Италияның ұйымдастырушылары қатысушылардың санын өсіру мақсатында жарыстың басталуына бір апта қалғанда Astana-лықтардың қатысуына рұқсат берді. Аз уақыттың ішінде Astana өз велошабандоздарын дайындай алды. 1 маусым күні Контадор жалпы есепте көш бастап, Джиро д’Италия-ны бағындырды. Контадор Вуэльта Испанияда өз командаластары Леви Лайфаймер мен Карлос Састрені басып озып, жеңіске жетті. Ол үш Гранд-Турда алдына жан салмаған тарихтағы бесінші велошабандоз болып қалды. Тур де Франсқа қатыспаса да, біздің команда өзін Еуропада жақсы қырынан таныта білді. Бірақ, бұл жылы да айқай-шумен есте қалды. Себебі, 28 шілдеде команда ішіне жүргізілген жаңа анти-допингтік саясаттың кесірінен Владимир Гусев қуылған еді. Бір жылдан соң, 2009 жылдың 17 маусымында Спорттық арбитражды сот Гусевті командадан қууға  Astana-ның құқығы болмағанын алға тартып, спортшының жалақысы мен сот отырыстарына кеткен шығынды төлеп беру шешімін шығарды.

Лэнс Армстронг

2008 жылдың 25 қырқүйекте команда Тур де Франстың 7 дүркін чемпионы Лэнс Армстронгпен келісім-шартқа отырғанын жариялады. Велоспортқа қайта оралған әйгілі спортшы командаға тегін қосылған. Осылайша, Армстронг команда көшбасшылығын Контадормен бөлісетінін мәлімдеп, өзінің Даун Андер Туры, Калифорния Туры, Париж-Ницца,  Джорджия Туры, Критериум Дофин мен Тур де Франс секілді жарыс жолдарына шыққысы келетінін айтты. Бірақ, команда Контадорды қолдау үшін бірнеше велошабандоздарды қатарға қосты. Оның қатарында Хесус Эрнандес пен Аймар Субельдия бар. Ал Контадордың өзі командадан екі жылға спорттан шететілген Александр Винокуровты көргісі келетінін айтып, Армстронгтың келуіне байланысты ешқандай пікір білдірмеді.

Винокуровтың командаға оралуы

Қаржылық дағдарысқа байланысты, сондай-ақ, команда көшбасшылығына Армстронгты қоятын болса, Discovery Channel-тың бұрыңғы үш спортшысы (команда капитаны Контадор, Новаль және Паулинью) Garmin-Slipstream-ға ауысуы мүмкін деген қауесет тарады. Бұл проблема 2009 жылдың соңына қарай, қаржылық ахуал қалыпқа келген соң, шешілгендей болып көрінген. Бірақ, бұл Винокуровтың командаға оралуы жолында туындаған қиындықтардың қасында түк болмай қалды. 2 шілде күні қазақстандық велошабандоз командаға қайта оралып, Вуэльта көпкүндігіне қатысатынын мәлімдеді. «Жақын жеті күнде Брейнелмен келісімге келіп, командаға оралам» деді, егер спорттық директор Александрды командадан көргісі келмейтінін айтса, жұмыссыз қалатынын ескертті. Осы аралықта француздың L’Équipe газетінде Қазақстан велоспорт федерациясы Брейнел, Армстронг, Лайфаймерді және басқа спортшыларды командадан қуғалы жатқандығы жөнінде мақала пайда болды. Ол жерде Қазақстан федерациясының «Контадор біздің жалғыз көшбасшымыз болады, ол қай спортшыларды командадан көргісі келеді, өзі таңдауға мүмкіндігі бар. Команда испандық және Винокуровты қоса, қазақстандық велошабандоздардан тұратын болады» деген сөзін ерекше атап өткен.

2009 жылы 21 шілдеде Контадор Тур де Франста жалпы есепте бірінші орыннан көрінді. Армстронг пен Кледен де үздік төрттіктен табылды. Ал Брейнел бельгиялық телеарнаға берген сұхбатында «Винокуров пен Қазақстан федерациясы шығарған шешімге байланысты маусым соңында командадан кетемін» деді.

Көптен күткен Винокуровтың Astana-ға оралуы жақындап қалды дегенде, Вуэльта көпкүндігіне қазақстандық спортшы тек резервтегі велошабандоз ретінде ғана тіркеле алды. Ақыры, екі жақты келісім жүргізіліп, Вуэльтада Александрдың шығуы мүмкін деген хабар таратылғанда, Армстронг «Брейнел 2010 жылы Team RadioShack-ты басқарады» деген мәлімдеме жасады.

2010, 2011, 2012 жылдар

Винокуровтың командаға оралып, Брейнелдің кеткені Astana-дағы үлкен өзгерістерге алып келді. Брейнел келісім-шартта көрсетілгендей тағы бір жылын біздің командада өткізуі керек еді. Бірақ команда басшылығы Винокуровтың келуіне орай, оның кетуіне жол ашып берді. Осылайша, Astana-ның басым бөлігі RadioShack-қа үдере көшті. Оның қатарында Армстронг, Кледен, Лайфаймер, Субельдия, Хорнер, Брайкович, Попович, Паулинью, Вайткус, Раст, Рубьера мен жалғыз қазақстандық Муравьев бар-тын. «Тур де Франс – 2009» жылғы жеңімпаз команданың оннан сегізі осылайша команданы тастап кетті. Astana-да 4 испандық (Контадор, Новаль, Наварро мен Эрнандес) пен  Муревьевтен басқа қазақстандықтар қалды. Жаңа маусымда Контадор тағы да Париж – Ницца мен Тур де Франста жеңіске жеткен болатын. Бірақ, бұл қуаныш көпке созылмады.  29 қыркүйек күні 21 шілдеде алынған допинг-тесттен спортшыдан кленбутеролдың аз мөлшері табылғаны мәлім болды. Контадордың ісіне қатысты сот отырысы кері шегеріле берді. Тек 2012 жлдың 6 ақпанында Спорттық арбитражды сот велошабандозды екі жылға спорттан шеттетіп, Тур де Франс – 2010 мен Джиро д’Италия – 2011 титулдарын қайтарып алды.

Контадордың командадан кетуімен, Astana-дағы испандықтардың саны азая түсті. Олардың орнын италияндық спортшылар басып, командаға Энрике Гаспаротто, Мирко Лоранцетто, Фраческо Масчарелли, Джаколо Гварньери, Францеско Гавацци, Симоне Понци мен Фабио Ару келіп, Давид де ла Фуэнте, Даниэль Наварро, Хесус Эрнандес, Бенхамин Новаль, Оскар Перейро мен Хосеп Хуфрелер өз орындарын босатты. Сонымен, сол жылы Astana-да бір де бір испандық қалмады. 2011 жылғы маусым команда үшін ең сәтсіз өткен жылдардың бірі. Тур де Франстың 9 кезеңінде Александр Винокуров жаппай спортшыларың құлауы кесірінен ауыр жарақат алып, жарыстан шығып қалды. Ол отаның сәтті өткеніне қарамай, 17 шілдеде "спорттық мансабын аяқтаймын" деп мәлімдеді. Оның спорттық жолын аяқтауы Astana-ны әлемдік рейтингте соңғы орынға шегіндіріп тастады. Командаға келесі жылғы ірі жарыстарға қатысуға лизенция ала алмай қалу қаупі төнген соң, Винокуров қайта велосипедіне мінді. Оның ұпайы Astana-ның келер жылғы жоспарын нақты бекітіп берді.

Нибали дәуірі

2013 жылы командаға Валерио Аноли, Андреа Гвардини, Алессандро Ванотти мен Винченцо Нибали келіп қосылды. Олар бірден-ақ, Тиррено-Адриатико мен Джиро д’Италияда жеңіске жетті. Содан соң, Нибали Вуэльта көпкүндігінде 21 кезеңнің 13-інде сары жейдені иелік еткенімен, көшбасшылықтан ойда жоқта айрылып қалды. Ал 2014 жылы Нибали Тур де Франста еш қиындықсыз үздік атанып, барлық үш Гранд-Турда жеңіске жеткен 6-шы велошабандоз болды. 2014 жылы Джиро д’Италияда Фабио Ару үздік үштіктің қатарынан көрінді. Тамыз айныда команда келесі маусымға Ларс Боом (Lotto NL-Jumbo), Луиса Леона Санчес (Caja Rural-Seguros RGA), Давид Малакарн (Team Europcar) мен Диего Розумен (Androni-Sidermec) келісім-шарт жасасқанын мәлімдеді.

2015 жыл. Жаңа жұлдыздар

2015 жылдың мамыр айында Astana Джиро д’Италия-да ешкімге дес бермей, қатарынан 5 кезеңде жеңіске жетті. Паоло Тиралонго бір кезеңде, Фабио Ару мен Микель Ланда екі-екі кезеңнен жеңіс тұғырына көтерілді. Соңғы екеуі өзара екінші, үшінші орындарды бөлісті. Ару үздік жас велошабандозға берілетін ақ жейдені алды. 2015 жылдың қыркүйегінде Фабио Ару командаластарының арқасында Вуэльта Испанияда жеңіске жетті, ал Микель Ланда бір кезеңінде топтан оза шапты. 2016 жылдың сәуір айында команда көп күндік Бельгиядағы Де-Паннада жеңіске жетті. Льеве Вестра үздік атанса, Алексей Луценко үшінші орыннан көрінді. 2016 жылдың мамыр айында Винченцо Нибали Джиро д’Италия-да жеңіске жетіп, команда басқа қарсыластарын артта қалдырып, үздік деп танылды. Ал 2016 жылдың маусымында Мигель Лопес көпкүндік Швейцария турында ешкімге дес бермеді.

2017 жылы Astana командалық есепте Вуэльта көпкүндігінде жеңіске жетті. Команда құрамында Фабио Ару (жалпы есепте 13-орын), Мигель Анхел Лопес (бірінші рет Гранд Турдың екі кезеңін жеңді, 8-орын), Алексей Луценко (Гранд Турдың кезеңінде алғаш рет жеңіске жетті), Пельо Бильбао, Луис Леон Санчес, Сергей Чернецкий, Лауренс Де Врез және Никита Стальнов болды.

Қаржылық дағдарыс дәуірі

2017 жылдың желтоқсан айында бас демеуші «Самұрық-Қазына» қорының басшылары ауысуына байланысты, «Astana» маркалы спорттық клубтарының тағдыры қыл үстінде қалды. Велокоманда қаржылық қиындықтарға тап болғаны жөнінде ресми сайтта мәліметтер жариялана бастады. Осы уақытта БАҚ беттерінде влеошабандоздардың айлықтары мен қызмет көрсететін пресоналдардың жалақылыры жарияланып, мемлекеттік қазынадан команданы ұстаудың қажеті жоқ екені айтылып, оны басқа да демеушілер мен жарнамалық келісім-шарттармен қаржыландыру керек делінді.

«Astana» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров команда жабылудың сәл-ақ алдында тұр деген болатын. Бұл мәселе тек велокомандаға ғана емес барлық Президенттік клубтарға қатысы барын айтқан еді.

Бірақ, айтылған барлық қауесеттерге қарамай, «Astana» спортшылары жақын уақыттары өз жалақыларын алатын болады. Президент клубының басшысы, сенатор Дархан Калетаев жалақының кешігуін «Самұрық-Қазына» қорының басшыларының ауысумен түсіндірген еді: «Самұрық-Қазына» Спортты дамыту қорының пайдасына орай қаржыландырудан бас тартты. Енді акцияны бақылау пакеті осы қорда. Ал «Самұрық-Қазына» Президент кәсіби клубының бас демеушісі болып қала береді. Енді, жаңа құрылтайшы бұл іске кірігем дегенше біраз уақыт өтеді» – деп хабарлаған болатын.

Бүкіл Еуропаға біздің елді танытқан велокомандада туған мәселе осылай оң шешімін тапты. Әлі де Astana велошабандоздары жарқын жеңістерімен қуанта береді деп үміттенеміз.

Асыл Айдар
Бөлісу: