26 Шілде 2018, 12:15
«Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасының 2-раундында даниялық «Мидтьюлланд» командасымен бақ сынасып, 2:1 есебімен басым түскен болатын. Ойыннан соң, бапкерлер мен ойыншылар өз пікірлерін білдірді. Сол секілді қос клубтың жанкүйерлері де қалыс қалған жоқ.
«Мидтьюлланд» бас бапкері Йесс Торупты бұл жеңіліс қатты ұнжырғасын түсірген секілді:
– Алғашқы тайм «Астана» командасының басымдығымен өтті, екінші ойын бөлігінде біз де қарқын қосып, есепті теңестіріп алдық. Тең есеп толық қанағаттандырушы еді, соңғы секундта гол жіберіп алғанымыз өкінішті-ақ. Маған ойын осылай аяқталады десе, сенбеуші едім. Бұл мен күткен нәтиже емес. Енді, өз жанкүйерлеріміздің алдында жақсы ойын өрнегін көрсетуге барымызды саламыз. Бұл матчта біздің артықшылығымыз болып есептелген стандарттар өте қойған жоқ. Тек футболшының шеберлігінің арқасында құнды гол сала білдік.
Ал «Астана» бапкері Роман Григорчук былай дейді:
– Менің футболшыларым жақсы ойын көрсетті. Стадиондағы атмосфера да керемет болды. Ойынға көңілім толып отыр, бірақ минустарымыз жоқ емес. Жуниор Кабанангаға келер болсақ, ол әлі жоғары деңгейлі ойындарға дайын емес. Алаңға осындай қарқынға шыдас беретін шәкірттерімді шығаруға тырыстым. «Алғашқы таймда жақсы ойнап, екінші ойын бөлігін нашар өткіздік» деп айтылып жатқан пікірлерге келіспеймін. Біз ойынды 90 минут бойы жақсы қарқында өткіздік.
Ал «Астана» қорғаушысы Марин Аничич даниялық команданың «Сутьескадан» мықтырақ екенін айтады. «Бүгінгі жетістігіміз үшін қуаныштымыз. Бірақ, бұл алғашқы кездесу ғана. Өз қақпамызды аман алып қалғанымыз жақсырақ болар еді. Не болса да, Данияға жақсы дайындықпен аттанамыз. Екінші таймда басқа «Мидтьюлландты» көрдік. Біздің ойынымыз аздап бәсеңсіп қалған да болар. Әйтеуір, есімізді жиып, жеңіс голын соға алғанымыз үшін қуаныштымын».
Дмитрий Шомко келесі ойында тек жерлете ойнаған дұрыс болатынын айтады. «Орталық қорғаушыларымыз аздап қателіктерге бой алдырған шығар, ал жалпы өз жұмысымызды жақсы атқардық деп есептеймін. Жеңіс бар, бұл бойымызға сенімділік ұялатады. Командаға келіп қосылған футболшылардың да шеберлігі жеткілікті. Бастысы, жақсы шабуылдар ұйымдастыруға ат салысып жатты. Әрине, үйренісе де алмай жатқан болар. Уақыт келе, командаға сіңісіп кететініне шүбәм жоқ».
«Астана» сапына жақында келіп қосылған барзилиялық Педро Энрике:
- Сөзсіз үлкен тәжірибе болды. Одан бұрын керемет жеңіс. Өзіме келер болсам, өмірімнің жаңа парақтары басталды. Әлі де командадағы барлық футболшылардың атын жаттап үлгермедім. Бүгінгі жеңісіміз аздап болса да бізге басымдық береді. Осындай маңызды кездесулерде ойнап жатқаным үшін қуаныштымын. Ал бұрынғы қалпыма келу үшін тағы да уақыт керегін білемін. Жаттығамын, тырысамын, барымды саламын. Командама тек пайда әкелгім келеді. Бұл ойында негізгі құрамда шыққаным тіптен керемет болды. Бас бапкердің маған артқан сенімін ақтауға тырыстым. Менің қандай деңгейде ойнай алатынымды бапкер жақсы біледі. Жаңа ойыншылармен әлі де жақсы түсінісіп кетеміз деп ойлаймын. Бұл матчта командаластарым тамаша ойнап, жоғары деңгей көрсетті.
Чемпиондар лигасының екінші раундында кездескен қос клубтың ойыны турасында даниялық Ekstra Bladet сайты былай деп жазады:
«Астананың» жартылай қорғаушысы Ласло Кляйнхайслер қарсыластың айып алаңына оңай еніп барып, тамаша соққысымен есеп аша білді. Оны жабу «Мидтьюлланд» қорғаушыларының қолынан келмеді. Сол секілді төреші қосқан қосымша минутта «Астана» ойыншылары қарқынды шабуылға шығып, жеңіс голын соға алды. Бұл жолы да Кляйнхайслер көзге түсті. Оның алыстан жасалған керемет соққысын Хансеннің қайтаруға шамасы келмеді. Осыған қарамастан, «Мидтьюлландтың» еншісінде қонақта соғылған гол бар. Олар бар мәселені келесі аптада өтетін ойында шешуі тиіс».
«Мидтьюлланд» жанкүйерлері өткен кездесу туралы не ойлайды?
«Жаңа маусымды бір тең ойын, екі жеңіліспен бастадық... Біз жылдамдатып өз ойынымыздың деңгейін өсіруіміз керек»;
«Жақсы жеңіліс. Тек келесі ойынды жақсы өткізсек болды. «Жақсы өткізсек» деп мың рет айтып келеміз..»;
«Нәтиже тым нашар, одан да жаманы біздің жылдамдығымыз. Оған алыс пастарды қосып қойыңдар..»;
«Бәрі дұрыс. Келесі аптада 1:0 есебімен жеңіске жетеміз»;
«Бұл ойынды аутсайдер ретінде бастағанымыз рас. «Астана» матч бастала сала, жақсы ойын өрнегін көрсетті»;
«Жақсы шабуылдар жоқтың қасы»;
«Біздің стиліміз нашар. Тағы да қосымша минутта гол жіберіп алдық»;
«Бұл нәтиже біз үшін жақсылық әкеледі деп ойлаймын»;
«Тең есеп жақсы көрсеткіш болар еді. Соңғы секундтары гол жіберіп алғанымыз-ай, «Астана» қиын қарсылас болып шықты»;
«Мидтьюлландқа» оңай соқпайды, бірақ бізде қонақта соғылған гол бар».
Ал жергілікті жанкүйерлер не дейді?
Боб Шульц:
Біздің бапкерлер үлкен қателіктер жіберумен келеді. Қандай адам әлі ойын өрнегіне кіріге қоймаған жаңа ойыншыларды алаңға жібереді? «Астана» «Қайраттың» қателігін қайталап берді. Әйтеуір Ласло ойынды құтқарып қалды. Сол Кляйнхайслердің өзі де осы ойынды көрсету үшін біраз уақыт жұмсады емес пе?»
FCIP:
Даниялықтардың мықты команда екенін білгем. Бірақ, бүгін Ласлоның күні болды. Қонақта «Астана» футболшыларына қиын соғады. Бірақ, біздің команданың Еуропа алаңдарында жиған тәжірибесі баршылық қой. Сенеміз. Жаңа ойыншылардың әлі үйренісуі қиынға соғып жатыр. Уақыт бергеніміз дұрыс болар!
Ассыл:
Алғашқы таймдағы қарқынды неге екінші ойын бөлігінде жоғалтып алды? Өз қақпамызға гол жіберіп алғанымыз өкінішті. Болмайтын жерден соғып кетті. Келесі кезеңге өткіміз келсе, мұндай қателіктерді жібермеуге тырысу керек. Данияда тым қиын болады. Оларда шеберлігі мықты ойыншылар жеткілікті екен.
Ка Мунай:
Неге Муртазаевты алып тастады екен? Ол шабуылды да күшейтіп, қорғаныста да тамаша ойнап жатыр еді. Жаңа ойыншыларға әлі де уақыт керек. Жергілікті футболшылармен түсіністік жетіспей жатқан сияқты. «Астана» қарымта мачта барын салатынына сенемін.