Астана әлем назарында: EXPO көрмесі ашылды

9 Маусым 2017, 22:27 12176

Тарихи сәт

Әлемнің назарын аударған айтулы шара – ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына 17 мемлекеттің президенттері мен жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Көрменің басты нысаны – Нұр Әлем павильонында Елбасы шетелдік қонақтарды салтанатты жағдайда қарсы алды. Алғашқы болып Чехия президенті Милош Земан әсем ғимаратқа келіп кірді.

Құрметті меймандар қатарында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттель, Армения президенті Серж Саргсян, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Сербия президенті Александр Вучич, Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф бар. Сондай-ақ, қонақтардың қатарын Сингапур парламентінің төрайымы Халима Якоб пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Ресей президенті Владимир Путин толықтырды.

Алдымен көрермендер назарына көрмеге арналған қойылым ұсынылды. Онда жер-анадан, күннен және судан қуат алған алып шар дүниежүзін айнала ұшып, қазақ даласына, Астана төріне келді. Көріністе байырғы бабалар заманы мен бүгінгі жаңа заман тынысы суреттелген. Алып сфера қалықтай ұшып, қазақ даласы арқылы адамзат әлеміне шуақ шашады. Осы орайда халықаралық көрменің Қазақстан ұлттық павильонының да алып сфера формасында бой көтергенін еске сала кетейік. Шардың биіктігі 100 метрге созылса, диаметрі 80 метр болады.

Төрткүл дүние көз тіккен халықаралық шараның ашылу салтанатында Еуропаның үздік опера театрларында өнер көрсетіп жүрген ерекше талант иесі, жерлесіміз Мария Мудряк халық әні «Япурайды» шырқады.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі құрмет қарауыл ротасының жауынгерлері ортаға салтанатты жағдайда мемлекеттік Туды ортаға алып шықты. Көк байрағымызды биікте желбіретіп, мемлекеттік Әнұран шырқалды.

Одан кейін халықаралық көрмеге қатысуға келісім берген 115 елдің мемлекеттік тулары таныстырылып, байрақ көтерген өкілдер сахнада  жүріп өтті.

 «Қымбатты қазақстандықтар, құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар! Қонақжай Қазақстанның елордасы әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Біз ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады», - деді салтанатты жағдайда сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басышысы Астана ЭКСПО көрмесінің арқасында әлемге жаңа қырынан танылатынын айтты.

«Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана нағыз 21 ғасыр қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады. Көрмеге әлемнің 115 мемлекет 22 халықаралық ұйым қатысады. Мен олардың барлығына халқымыздың атынан ризашылығымды білдіріп, сәттілік тілеймиін. Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стивен Кристиен мырза ұйымның бас хатшысы Висенте Лосерталес мырзаға алғыс айтамын. «ЭКСПО» көрмесін ашық деп жариялаймын. Ұлы даланың төріне қош келдіңіздер», - деді Елбасы.

Көрменің ресми ашылу салтанаты сфера үстіндегі ғажап шоуға ұласты. Астананың аспанын түрлі бояуға көмкерген керемет шоу 10 минутқа созылды.

Көрме ғажаптары

Жалпы көлемі 25 Га құрайтын Көрме аумағында, түйінді және негізгі павильон сфера пішінде орындалған, «Болашақ Энергиясы» Мұражайы ретінде тақырыптық тұжырымдамасы ұсынылған «Нұр Әлем» (жалпы алаңы 41,5 мың шаршы метр, көрме алаңы 20,5 мың ш. м., диаметрі 80 м) атты нысан болады. Сфералық ғимаратың 7 қабаттарында негізгі энергия түрлері: ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергия үлгілері көрсетілетін болады, ал сегізінші қабатта «Астана – болашақтың Қаласы 2050» экспозициясын ұсынады. «Нұр Әлем» негізінде 5000 ш. м.алаңында, Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасады, ол негізгі екі аймаққа бөлінеді: Қазақстанмен танысу аймағы; «Жасампаз қуат» аймағы.

Павильонның бірінші бөлігінде түрлі және ауқымды ландшафттарды, бай мәдениетті, тарихты, осы күнгі және болашақ Қазақстанды көрсету жоспарлануда. «Жасампаз қуат» аймағына Көрме тақырыбындағы отандық ғалымдардың үздік жобалары, мемлекет Басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғау бастамалары, табысты іске асырылатын және іске асырылған республика өңірлеріндегі «Жасыл экономика» жобалар кіреді. Бізде «Үздік тәжірибелер аймағы» атты арнайы павильон болады, онда тұрақты энергия көздері саласындағы қазірдің өзінде іске асырылған технологиялар мен жобалар көрсетіледі.

Көрмеде өз павильондарын таныстыратын елдердің ішінде – заманауи энергетиканың көшбасшылары болып есептелетін, дамыған мемлекеттер бар. Бірінші кезекте, бұл – Оңтүстік-шығыс Азия елдері – Оңтүстік Корея, Сингапур, Индонезия, Малайзия, Жапония. Сонымен қатар, энергияның тұтынысы бойынша Қытай мен Үндістан сияқты гегемон елдер, қазірдің өзінде ЭКСПО павильондарын дайындауда. Дәстүрлі еуропалық мемлекеттер, Нидерланд, Ұлыбритания, Германия және Франция жасыл технологиялардың алдыңғы қатардағы тобы. Мысалы, 100% жаңартылатын энергия көздері есебінен өмір сүретін бірінші ел Коста-Рика ЭКСПО-ға қатысады .Көрмеге Америка, Азия, ТМД мемлекеттері қызығушылық көрсетті. Іс жүзінде барлық аймақтар қамтылды.

Бөлісу: