Астана – неоклассикалық өнер орталығына айналады

27 Шілде 2018, 16:52 5147

Елордада «CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» фестивалі өтуде

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында Астана төрінде алғаш рет өткізіліп отырған «CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» бірінші халықаралық фестивалінің басталуына байланысты брифинг өтті.  

«CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» бірінші халықаралық фестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқанын айта кеткеніміз абзал. Би өнеріне құштар таланттардың басын бір арнаға тоғыстырған халықаралық фестивалді Америка Құрама Штаттарының Астанадағы елшілігі мен Қазақ Ұлттық хореография академиясы ұйымдастыруда. Брифинг барысында фестивалдің маңыздылығы жайлы сөз қозғалды.

25 шілде күні елордада «CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» бірінші халықаралық фестивалінің салтанатты ашылуы болып, жиынға Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақ Ұлттық хореография Академиясының көркемдік жетекшісі Әсел Құрманбаева мен Академия ректоры Алтынай Асылмұратова қатысқан болатын.

Бас шаһарда өтіп жатқан мәдени шараға Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды сырт елдер мен еліміздің түрлі өңірлерінен келген 100 жуық талантты бишілер мен хореографтары жиналды. Елімізде осындай халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған би майталмандары фестивалінің мақсаты – әлемдік жұлдыздардың шеберлік сабақтары арқылы алыс және жақын мемлекеттермен достастықты нығайту. Бұған қоса елордамызды Орта Азияның неоклассикалық және контемпорари өнерінің астанасына айналдыру.  

Биге құштар жандарға Пилкингтон Кэтрин, Комптон Тара сынды АҚШ-тан келген әйгілі хореографтар шеберлік сыныптарын өткізуде. Хас шеберлер қатысушыларға неоклассикалық балет, контемпорари, модерн, бродвей, джаз, хип-хоп сынды би жанрларын үйретіп қана қоймай, хореографияның фото-видео түсірілімі мен арт- менеджмент тақырыптарына арнайы скилл-ап та өткізуді үйретпекші.     

Брифингте сөз алған «Concrete Partners Group» компаниясының бас директоры,  фестивалды ұйымдастырушы Мерей Зейнеш халықаралық шара елордамызда мәдениаралық және кәсіби тәжірибе алмасу үшін негіз болып, Орталық Азия аумағында неоклассикалық және заманауи хореография дамуына үлес қосар ауқымды шараға арналып отырғанын айтты.

Қазақстандық жастар үшін осындай айтулы шараға тегін қатысуға тамаша мүмкіндік туды. Астанадағы АҚШ елшілігі аймақтарға 50 грант, Астана қаласына 30 және Орталық Азияға 20 грант бөлгенін айта кеткеніміз жөн.  Осы бір тамаша мүмкіндікті иеленген бишілер өздерінің оқу бағдармаларына негізгі американдық би формаларын енгізу үшін оның техникасын үйренеді. Бұған қоса олар бизнестің маңызды бөлігі – маркетинг пен байланыс салаларында кең дағдыға ие болып, заманауи сандық өнер мен кино, фотосурет бағыттарына қажет құралдарын меңгереді.

Америкалық замануи би труппасының көркемдік жетекшісі, педагог-хореограф Брианни Уиллиамс шәкірттерге бидің хип-хоп жанры бойынша сабақтар өткізетінін айтты. Ол қазақстандық би өнерпаздарының хип-хопқа деген қызығушылығы мен ынтасы оған күш беретінін алға тартты.

– Хип-хоп жанрының отаны Америка болғандықтан бізде бидің бұл түрін онша бағалай қоймайтынын Қазақстанға келгелі түсіндім,- дейді ол. – Астана өте ажарлы қала, маған қатты ұнады. Мен би үйрететін шәкірттерім өте талапты, олар бір құдды суды бойына сіңіре беретін жұмсақ мақта тәрізді. Би техникасының әрбір бөлшегіне өте жауапты қарап, бойларына сіңіре бергісі келеді. Әрқайсысының биге деген құштарлығы мен талабы, ынтасы мен де қанаттандырады.   

Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі аптаға жалғасқан шеберлік сабақтар аяқталғаннан кейін өнерпаздар Астана жұртшылығы мен қала қонақтарына арналған заманауи балет бағытында бірегей спектакль өткізбекші. Керемет би шоуын қоюшы режиссер Пол Гордон Эмерсон. Бишілер «Falling Man» атты қойылым ұсынбақшы. Қазақша айтар болсақ қойылымның тақырыбы «Өнер зорлық-зомбылыққа қарсы» дегенге саяды. Ұйымдастырушылар тек қана кәсіби бишілер қатысатын бірегей шоу замануи стилімен көрермендерді баурайды дегенге сенімді. Астанада тұңғыш рет өткелі отырған әсерлі қойылымды ұйымдастырушылар елордамыздың 20 жылдығына тарту ретінде ұсынып отыр.  

«CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» бірінші халықаралық фестиваліне «Qazcontent» акционерлік қоғамына қарасты Kaztube видео-порталы ақпараттық қолдау көрсеткінін айта кеткеніміз жөн.

Фото: Арман Мухатов

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: