ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы әуе қатынасын кеңейту мәселесін пысықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, Red Wings әуе компаниясы 2023 жылғы 25 шілдеден бастап Астана – Уфа бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін қайта бастайды. Тасымалдау Sukhoi Superjet-95 типті әуе кемелерінде сейсенбі және жұма күндері аптасына 2 рейс жиілігімен орындалатын болады.
Әуе қатынасын жаңғырту елдер арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Бұдан бөлек Алматы-Сочи бағыты бойынша да тұрақты рейстер қайта ашылатынын жазғанбыз.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінен бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Airbus 321 үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына екі рейс (бейсенбі және жексенбі) жиілігімен Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша жаңа тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр.