Жыл басынан бері қоғамдық орындарда түкірген астаналықтарға 19 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Астана қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Арман Айтмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың ластануына байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Әсіресе, қоғамдық орындарда және көшелерде түкіріп жатқан азаматтарға назар аударылады. Жыл басынан бері түкіргені үшін 1 200 азаматқа 19 млн теңге айыппұл салынды. Бүгінде оның 5 млн теңгесі немесе 28% өндірілді, - деді Арман Айтмағамбетов БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Қазақпараттың хабарлауынша, спикер түкіру фактілері елордадағы базарлардың маңайында жиі тіркеледі дейді. Арман Айтмағамбетов олардың барлығы бейнекамералардың көмегімен анықталып жатқанын айтты.