«Астана «резиновый» емес, блокпост қояйық». Көші-қон төрағасы пікір білдірді

26 Қаңтар, 13:21 1062

Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Астанаға көшіп келушілер санын шектеу керек деген депутаттың пікіріне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

Сөзінше, блок пост мәселесі еліміздің Ішкі істер министрлігінің құзыретіне кіреді. Ал Астанаға келушілер арнайы квота арқылы қадағаланады.

Астанаға көшіп келушілер квота аясында келеді. Квотаны жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Квотаны жоспарлаған кезде еңбек нарығындағы ахуалды қарастырады. Атап айтқанда, жұмыссыздар саны, мамандық бойынша оқуын тәмәмдаған түлектер саны қанша екенін және басқасына қарайды. Бұл жерде адамдар бақыланбай, жаппай қалаға көшіп келіп жатыр деген мәселе жоқ. Квота соңғы 5 жылда төмендеді. Жыл өткен сайын біз қалаға көшіп келетіндерді квота бойынша азайтамыз. Бұл ішкі нарықты қорғау үшін жасалады. Сондықтан Астанаға қосымша шектеулер енгізетін қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Қазақстандықтар қалаға жұмыс істеуге, басқа да шаруалармен келе алады», - деді комитет төрағасы Асқарбек Ертаев.

Бұған дейін Астана қаласының мәслихат депутаты Азамат Айтхожин елордаға блок пост қойып, келушілердің қатарын азайтуды ұсынды.

Кім көрінген Астанаға келіп жатыр. Әрі кетсе жарты ай немесе жарты жыл тұрып «маған үй керек, маған анау керек, мынау керек» дейді. Бүгінде мемлекет Қазақстанның барлық аймағында тұруға бірдей мүмкіндік жасап қойды. Барлығы дәл Астанаға ағылып жатыр. Блок пост қоятын кез келді. Астана «резиновый» сияқты, бәрі келіп жатыр, - деген еді Азамат Айтхожин.

Сондай-ақ Көші-қон комитетінің төрағасы  Асқарбек Ертаев 2023 жылы сыртқы көші-қонда 10 жылда алғаш рет оң динамика байқалғанын айтты.

Миражан Махан
Бөлісу: