Астана полицейлері сауда үйінен 17 жұп аяқ киім ұрлаған күдіктіні ұстады

31 Мамыр, 09:28 1173

Астанада полицейлер сауда үйінен 17 жұп аяқ киім ұрлаған күдіктіні тапты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жедел іздестіру шаралары барысында Байқоңыр ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері сауда бутигінен ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы ер адамды анықтады.

Бұған дейін полицейлерге сауда орталығының өкілі хабарласып, бутиктен белгісіз біреу 17 жұп аяқ киімді ұрлап кеткенін айтқан.Тергеу барысында күдіктінің сауда алаңына кіріп, клиент атын жамылып, тауарды тексере бастағаны анықталды. Сатушының алаңдағанын пайдаланып, қораптан бірнеше жұп аяқ киімді алып сөмкесіне салып, ештеңені елеместен бутиктен шығып ізін суытқан.

Бір күннен кейін ұры дүкенге қайта оралып, қарбалас сәтті күтіп, ұқсас схема бойынша аяқ киімді ұрлап кеткен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 290 мың теңгені құраған. Ер адамның ұрланған аяқ киімді арзан бағаға сатып жүргені анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: