Астанада көлік тұрағының ақысы ауданына қарай әртүрлі болмақ – орталықта қымбат, шет аймақтарда арзан, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл бастама елордадағы қоғамдық кеңес отырысында жаңа жол қозғалысы ережелерін талқылау кезінде көтерілді.
Астана қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының директоры Марат Сәдуовтың айтуынша, жоба тұрақ жүйесін реттеу және көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында әзірленген. Құжатта көлікті тоқтату мен қою ережелері, ереже бұзғандарды эвакуациялау, шлагбаум орнату және тұрақ аймақтарын жабдықтау мәселелері қамтылған.
Қала орталығында тегін тұрақтар болмайды. Себебі негізгі көлік легі дәл сол жерге бағытталады. Сондықтан орталықтағы баға шет аймақтарға қарағанда жоғары болады, – деді Сәдуов.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді тұрақ орындарын көбейтуге ерекше назар аударылмақ. Жоба аясында цифрлық шешімдер де енгізіледі – жүргізушілер тұрақтың бос орнын алдын ала көріп, бағытын жоспарлай алады.
Әлеуметтік әлсіз топтарға жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Ол үшін тиісті құжаттарды ұсыну қажет болады. Ал ауруханалар мен әлеуметтік нысандар маңындағы ақылы тұрақтар бойынша арнайы QR-код арқылы келушілердің тұрақ ақысы алынып тасталуы жоспарланып отыр.
Бұған қоса, отырыста қыс мезгілінде көлікті жылыту тәртібі де талқыланды. Сәдуовтың сөзінше, оған 10 минут жеткілікті. Дегенмен кеңес мүшелері мұндай шектеу тұрғындар арасында наразылық тудыруы мүмкін екенін атап өтті.