Astana Оpen Dialogue форумы Қазақстандағы негізгі мәселелер талқыланатын алаңға айналды

7 Маусым, 22:23 629

Бүгін Astana Open Dialogue (AOD) форумы өтті. Жиында Қазақстандағы саяси консалтинг, аналитика, журналистика және креативті экономикадағы маңызды мәселелер талқыланды.

Форумға мемлекеттік орган өкілдері, жетекші сарапшылар, кәсіпкерлер мен журналистер қатысты. Пікірталаста «Лоббизм, саяси консалтинг және аналитика: өркениетті нарықты қалай құруға болады», «Жаңа Қазақстандағы журналистика: этика мен хайп арасы», сондай-ақ «Қазақстандағы креативті экономика: экономикасыз креатив» тақырыптары қозғалды.

Спикерлер креативті экономиканың даму динамикасын және креативті индустриялардың ел экономикасына қосқан үлесін талқылады. ҚР Мәдениет және ақпарат Вице-министрі Евгений Кочетов мәдениет пен креативті сектор арасындағы айырмашылықты атап өтті.

Мәдениет материалдық және рухани құндылықтардың, нормалардың, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың жалпы жиынтығын қамтыса, креативті индустрия – мәдени және шығармашылық өнімдер мен қызметтерді коммерциялауға арналған экономикалық сектор, – деді Евгений Кочетов.

Бүгінгі таңда елдегі креативті индустриядан түскен жалпы қосымша құнның ЖІӨ-ге қосқан үлесі 1,02% құрайды. ДЗМҰ-ның креативті тауарлар мен қызметтер бойынша халықаралық рейтингінде Қазақстан әлем бойынша 93-ші орында.

Айта кетейік, мемлекет бұл жаңа саланы белсенді қолдап, дамыту үстінде. Креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы заң жобасы әзірленді, осы саладағы кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді, өңірлерде креативті хабтар құрылып жатыр және қазақстандық өнімдер мен қызметтерді халықаралық деңгейде тарату үшін креативті индустриялардың арнайы қорын ашу жоспарланған. 

Перизат Саденова
Бөлісу: