Қазақстан мен Сербияның астаналары — Астана мен Белградты байланыстыратын тікелей әуе рейстері ресми түрде іске қосылды. Бұл екі ел арасындағы көлік қатынасындағы жаңа кезеңнің бастауы болып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңа бағыттың ашылуы туралы келісімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға ресми сапары барысында қол жеткізілген. Жобаны жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Сербиядағы Қазақстан елшілігі қолдау көрсеткен.
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, жаңа әуе қатынасы екі мемлекет арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
«Астана мен Белград арасындағы тікелей рейстердің ашылуы – елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытудың маңызды қадамы. Бұл бағыт бизнес, туризм және мәдени серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады», – деді вице-министр.
Тікелей ұшу уақыты шамамен 5 сағат 40 минутты құрайды. Алғашқы рейсте 92 жолаушы болды, бұл бағытқа сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Рейстер аптасына екі рет — дүйсенбі және бейсенбі күндері орындалады. Әуе қатынасы Boeing 737 үлгісіндегі заманауи ұшақтармен қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, Қазақстан мен Сербия арасында визасыз режим қолданылады, бұл өз кезегінде азаматтардың еркін қатынауына және туристік ағымның артуына ықпал етпек.
Сала мамандарының пікірінше, жаңа бағыт тек саяхатшылар үшін ғана емес, сондай-ақ бизнес өкілдері мен мәдени ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға да серпін береді.
Сонымен қатар, келер жылы Алматы мен Варшава арасында тікелей әуе рейсі ашылатыны белгілі болды.