Астана маңындағы Жібек жолы ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қазір күдіктіге қатысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Оның сөзінше, қылмысқа күдікті бұған дейін басқа іс аясында есі дұрыс емес деп танылған.
«Шынымен де, бұл іске бұрын сотталған адам тартылып отыр. Бұған дейін оны есі дұрыс емес деп таныған. Енді психиатриялық сараптаманың қорытындысын күтейік», – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, сараптама нәтижесіне қарай істің әрі қарайғы бағыты анықталады. Егер күдікті есі дұрыс деп танылса, іс айыптау актісімен сотқа жолданады. Ал есі дұрыс емес деп танылса, оған мәжбүрлі медициналық шаралар қолдану туралы мәселе қаралады.
Істің мән-жайы
Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында жергілікті тұрғын өз отбасының төрт мүшесінің өмірін қиған. Қайғылы оқиға салдарынан оның әкесі мен анасы, ағасы және жиені көз жұмған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті қылмыс ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының қатаң бақылауында, ал өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаның ықтимал себептерінің бірі күдіктінің психикалық жағдайына байланысты болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, бұл – аса ауыр санаттағы қылмыс. Күдікті сот санкциясымен екі айға қамауға алынған.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Басқа мәліметтер алдын ала тергеудің нақты деректеріне жатады. Қосымша ақпарат негізгі тергеу аяқталғаннан кейін Ақмола облысының полиция департаменті арқылы беріледі», – деді ол.