Астанада қаланың коммуналдық қызметтері жолдарды, орталық көшелерді, тротуарлар мен аялдамаларды тәулік бойы екі ауысымда тазартады, еп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәселен, 21 қарашадағы түнгі ауысымда 900-ден астам арнайы техника мен 300-ден астам жол жұмысшылары қар тазалау жұмыстарына тартылды. Бір күнде полигондарға 1408 рейспен 18 мың текше метрден астам қар жеткізілді. Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 43 832-ден астам рейспен 556 мың текше метр қар шығарылды.
Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады. Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие, - деп жазылған қала әкімдігі таратқан мәліметте.
Елордада бірнеше жабдықталған қар полигондары жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.