Астана халықаралық әуежайындағы автотұрақ құны өзгерді

26 Шілде 2023, 16:38 564

1 тамыздан бастап елорда әуежайының автотұрақ тарифіне өзгеріс енеді. Бұл туралы халықаралық әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Еl.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тамыз айының басынан P1, P2, P3 аймағындағы автотұрақ бағасы 100 теңгеден 200 теңгеге көтеріледі. Ал P4, P5, P6 аймағындағы көлік тұрағының бағасы сағатына 50 теңгеден 100 теңгеге өзгереді.

Оқи отырыңыз:

Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жасалған отырғызу-түсіру экспресс жолағын теріс пайдалану фактілерінің көбеюіне және жолаушылардан келгеншағымның артуына байланысты 15 минуттық тегін отырғызу-түсіру жолағына тәулік ішінде үшінші рет немесе одан да көп кірген жағдайда жаңа тариф бойынша 300 теңге төлейсіз. Автотұрақ тарифінің өзгеріске ұшырауына коммуналдық тарифтердің өсуі сеп. Дегенмен әуежайдағы автотұрақ бағасы тасымалдаумен айналысатын өзге нысандардағы бағадан едәуір арзан, - делінген мәліметте.

Алайда әуежайдағы жабық тұрақтың құны еш өзгеріссіз қалады. Жабық тұрақ ішкі рейстер орындалатын T2 терминалының оң жағында орналасқан. 274 орынға шақталған жабық тұрақтың құны 12 сағатқа 1400 теңге. Тәулігіне 1800 теңге. 12-24 сағат аралығында 2000 теңге.

Астана әуежайының әкімшілігі ақылы тұрақтарға балама ретінде жабық тұрақтың тура жанында орналасқан тегін тұрақты ұсынады. Сондай-ақ тегін тұрақ көбіне жартылай бос болады. Астана халықаралық әуежайының әкімшілігі келушілерден көліктерін қараусыз қалдырмауын, тәртіпсіздік орнатпауын және өзге де келушілерге қолайсыздық туғызбауын сұрайды, - делінген.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: