UEFA Конференция лигасының плей-офф кезеңінде қазақстандық «Астана» Норвегияның «Бранн» клубын жеңді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Естеріңізде болса, бір апта бұрын Норвегияда өткен матчта алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Алматыдағы қарымта матчта камбэкке куә болдық.
Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ал екінші кезеңде Бабаян шәкірттері қарқын қосып, қатарынан үш гол соқты.
Ойынның 61-минутында астаналық командадан Джеффри Чинеду әуелете берілген пасты қақпаға дарытты.
Ол 81-минутта тағы бір мәрте мергендік танытты. Ал 91-минутта қосалқы құрамнан шыққан Рамазан Кәрімов арада минут өтпестен норвегиялық қорғаушылардың өрескел қателігін шебер пайдаланып кетті.
Осылайша, «Астана» екінші жыл қатарынан Конференция лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді.