«Астана Балет» театры Швейцарияға гастрольдік сапармен барады

24 Қараша 2023, 08:19 698

Желтоқсанның 15-і мен 17-сі аралығында «Астана Балет» театры Швейцарияға гастрольдік сапармен барады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Театрдың баспасөз қызметінің мәліметінше, Женеваның Batiment des Forces Motrices мәдениет орталығында астаналық ұжым ұлттық және заманауи хореографияның үздік туындыларын паш етеді: А.Алонсоның «Кармен-сюита» балеті, «Тағдыр бұлтарыстары» авторлық спектаклі мен «Ұлы Дала мұрасы» гала-концерті.

«Швейцарияда көрсететін гастрольдік бағдарламамызды пысықтап алмақшы болып, бас қосқанымызда, әрине, әлемдік балет жауһары саналатын «Кармен-сюита» қойылымын таңдадық. Сонымен қатар, отандық хореографтардың туындысын көрсетуді мақсат тұттық. Менің ойымша, кез-келген гастроль – тәжірибе алмасу, мәдени дәстүрді паш ету. Осы тұрғыдан алғанда Женева біз үшін жаңа қала. Әрине, толқып тұрмыз, сонымен бірге, даңқты мәдениет орталығында өнер көрсету – зор жауапкершілік. Біз көрсететін спектакльдер, сөз жоқ, озық қойылымдар. Женева көрермені де бұл туындыларды зор ілтипатпен қабыл аларына үміттіміз», - деген ойымен бөлісті, театр директоры Александр Совостьянов.

15 және 16 желтоқсан, сағат 19.30, 17-желтоқсан, сағат 14.00 бірінші бөлімде Жорж Бизе-Радион Щедрин музыкасына А.Алонсо қойған «Кармен-сюита» балеті көрсетіледі. Бұл – ХХ ғасыр балет өнерінің озық үлгісі. Еркін, албырт, нәзік Карменнің хикаясы талай балетмейстердің шабытына қанат бітірді. Бұл партияны орындау әр балеринаның асыл арманы. Кубалық балетмейстер Альберто Алонсоның жарқын, бірегей хореографиясының арқасында өнерсүйер қауымның арасында «Кармен-сюита» балеті ерекше құрметке ие, талай танымал театрлардың сахнасында көрсетілген әйгілі туынды.

Екінші бөлімде көрермен қауым «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри Карина Абдуллинаның музыкасына қойған «Тағдыр бұлтарыстары» мистикалық спектаклін тамашалай алады. Таро – біздің Ғалам секілді жұмбақ, шексіз әрі терең сырға толы. Осы карталарда астарлап көрініс тапқан құпия белгілер тек көкірек көзі ояу жандарға ғана мәлім. Адам баласының өзін тану жолындағы даналықтың сарқылмас кеніші, кемел білім мен даналық кілті осында жасырылған.

17 желтоқсан сағат 19.00-де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри туындыларынан құралған «Ұлы Дала мұрасы» гала-концерті көрсетіледі. Ұлттық болмысымызды би тілімен жеткізетін этнографиялық және бейнелік нақышқа бай туынды театрымызды әйгілеп тұрған дүниеге айналып, Еуропа мен Американың талай көрерменін тамсандырған. Бұл туындыда хореографтар халқымыздың тарихы мен дәстүрін би тілімен жеткізуге тырысқан. Концерттік бағдарламаға енген билер отандық хореография өнерінің озық үлгісі саналады. Ал әдемі костюмдер мен визуалды-көркем әсерлер бұл туындылардың ажарын аша түседі.

«Астана Балет» театры еліміздің жетекші хореографиялық ұжымы екенін атап өткен ләзім. Гастрольдік-концерттік қызметін ел іші мен шет елдерде белсенді атқарып келеді. Театр әртістері Бейжің мен Шанхай (Қытай), Париж (Франция), Вена (Австрия), Сеул (Корея), Будапешт (Мажарстан), Баку (Әзірбайжан), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша), Минск (Беларусь), Брюссель (Бельгия), Милан (Италия), Монте-Карло (Монако), Дубай (БАӘ), Тбилисидің (Грузия) даңқты сахналарында өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.

Перизат Саденова
Бөлісу: