Астана әуежайы БАӘ компаниясының басқаруына берілді

18 Қазан 2023, 09:02 1055

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында шетелдік инвестор – БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Инвестор елорда әуежайының қызметіне жан-жақты баға беріп, кейіннен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуе айлағының тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алады.

Инвестордың бірінші кезектегі міндеті – ұшу-қону жолағын реконструкциялауға және оны одан әрі жаңғыртуға дайындау.

Дайындық жұмыстарын және елорданың қысқа мерзімді құрылыс маусымын ескере отырып, келесі жылы жерүсті инфрақұрылымын күрделі жөндеуді бастау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар мемлекет пен жеке компания мүдделерінің тепе-теңдік балансын ескере отырып, болашақ инвестицияларға негіз болатын әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленетін болады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: