Астана атауын өзгерту туралы ұсыныс бірауыздан мақұлданды

15 Қыркүйек 2022, 12:48 2447

Ақпарат құралдарының 80 пайызы бұл ұсынысты қолдады.

Бұған дейін ономастикалық комиссияның кезекті отырысы өткен болатын. Күн тәртібіне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласын Астана қаласы деп қайта атау туралы мәселе талқыланды, деп хабарлайды El.kz

2 қыркүйекте парламент мәжілісінің «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері, елорданы Астана деп қайта атау туралы мәселені қозғап, олардың ұсынысы Конституциялық заң жобасына енгізілген болатын.

Бүгін бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты онлайн конференция өткізді. Жиында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп елорда атауын өзгерту туралы соңғы үш-төрт жылда жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі екендігін айтты. Әлеуметтік желілерде, БАҚ-да, онлайн, оффлайн өтетін жиналыстарда бұл сұрақ назардан тыс қалған емес дейді.

«Нұр-Сұлтан қаласының ономастикасына атауын Астана деп қайта өзгерту туралы тұрғындар тарапынан 17 ұсыныс түсті. Бұдан бөлек, бейресми парақшаларда жазылып жатқан ұсыныстарды білесіздер. Сондай-ақ жақында Парламент мәжілісінде «Жаңа Қазақстан» деп аталатын депутаттық топ та қала атауын қайтару туралы ресми ұсыныс білдірген болатын», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол кеше Нұр-Сұлтан қаласының  ономастика отырысы өткізгендігі туралы айтты. Отырыста айтылған ұсыныстардың барлығы комиссия мүшелерінің талқылауынан өткен. Комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес, атауына оң қорытынды берілген.

Конференцияда Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Мұстафин бұған дейін депутаттар да көтерген мәселе екендігін айтты.

«Еліміз бүгінгі таңда мемлекетті нығайту жолында жаңа кезеңді басынан өткізуде. Бұл үрдіс үнемі жалғаса бермек. Азаматтық қоғамның талап тілегі, халық үні әркез еленуі тиіс. Соңғы кездерде қоғамымызда қызу талас тудырып жүрген өзекті тақырыптардың бірі», - дейді қоғамдық кеңестің мүшесі.

Елорданың қоғамдық мүшелері биылғы жазда референдум тұсында қала тұрғындарымен кездесулер өткізген болатын. Сол кездесулерде бұл мәселе жиі айтылғандығын тілге тиек етті. Қоғамдық кеңестің мүшесі қалаға Астана атауын қайтару тарихи әділ шешім деп санайды.

Ал қоғамдық кеңестің мүшесі Кәрімбек Құрманалиев шетелде форумдарға қатысқанда елорданың атын астана деп айтатынын жиі байқап жүрмін дейді.

Атау берілгеннен бері қоғамда неше түрлі пікірлер мен көзқарастар қалыптасқандығын айтты.

«Біржақты да болмауымыз керек. Шындығында халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болғандықтан, қоғамның да пікірін тыңдаған дұрыс. Президентіміздің ел Тәуелсіздігін нығайтудағы рөлін де ұмытпағанымыз жөн. Бұл тарих үшін керек. Тарихты тұлғалар жасайды», - деді ол.

Конференция барысында сөз сөйлеген Нұр-Сұлтан қаласы ономастика комиссиясының мүшесі, ҚР білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің мемлекеттік тарихи институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, Бүркітбай Аяған бүгінгі мәселе оңай мәселе еместігін тілге тиек етті.

«Кеше ономастикада көптеген ғалымдар осы тақырыпта кездесу өткізді. Мәңгілік мемлекет болмайды. Атақты Римнің өзі бірнеше мәрте өзгерген. Ойлана келе бұрынғы атауын қайтарған дұрыс деп есептейміз», - деді ол.  

Ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы кез келген уақытта, кез келген ғасырда жеке адамның тағдырынан көрі мемлекеттің тағдыры қымбат деп санайды.

«Қазақта бір сөз бар. «50 жылда ел жаңа 100 жылда қазан» деген, тәуелсіздіктің 30 жылын аман-есен елімізді от пен суға түсірмей өткізген, тұлғаларымызға құрмет көрсеттік. Жыраулардың тіліндегі «Астана жұртына айналсам» деген тіркестер сонау жаугершілік заманнан бар. 2017 жылы халықаралық кітап көрмесіне швед академиясының мүшесі, испанның ұлы ақыны біздің қазақ әдебиетінің үш ғасырлық нұсқасын 400 млн халықтың тіліне аударған ақын сол кезде елордамыздың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгергенде қынжылыс білдірді», - дейді.

Оның айтуынша, қазіргі президентіміздің бүгінгі халықтың пікірімен санасу, халық үнін тыңдайтын мемлекетке келе жатқандағы уақытында осы атауға тоқталуымыз қажет. Әділетті қоғамның бағдарында Астана атауы еліміздің тағдырына ықпал ететін үлкен ақ ордамыздың тұғыры дейді. Қаншама тарихи жобалар астана атауымен байланысты. Сондықтан да қаламгерлер де бұл ұсынысты қолдайды деп есептейді.

Қорытындылай келе, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары бұл шешімді бірауыздан қолдады

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: