Ассамблеяның басты мақсаты қазақ тілін насихаттау - Пулатов

27 Сәуір 2023, 10:45 1340

Бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының пленарлық отырысы өтеді. Жиынға қатысушы Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов аталған сессияның маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында әр аумақтан этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ассамблеяның мүшелері жиналып, ой-пікірін ортаға салады. Біз ел арасындағы бірлігімізді нығайту, алға қойған мақсаттарға жету сынды мәселелерді талқылап, нақты бағытымызды айқындаймыз, - деді орталық төрағасы.

Сондай-ақ Шерзод Пулатов соңғы 2 жылда өткен Ассамблеяның сессиясы өте ерекше болған дейді. Сессияларда ең ауқымды деген мәселелерді көтеріп, оған қатысты нақты ұсыныстар берілген. Сол жиында айтылған ұсыныстар негізінде қатысушылар этносаясатты іске асыру жұмыстарын қолға алады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы осы күнге дейін үлкен жұмыстарды атқарды. Барлық этностардың басын қосып, бір ұлтқа айналдырды. Ендігі біздің мақсат – сол бірлігімізді, рухани байлығымызды сақтай білу. Ол үшін біз ұлттық құндылықтар төңірегінде ұйысуымыз қажет, - деді ол.

Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ең басты жұмысының бірі – мемлекеттік тілді насихаттау дейді.

Қазіргі таңда елімізде 40 Достық үйі алаңы бар. Ол жерде мемлекеттік тілді үйрететін арнайы курстар ашылған. Сонымен қатар жастарымыз «Үйде сөйле» деген жобаны іске асырып жатыр. Ассамблея мүмкіндігінше мемлекеттік тілді дәріптеуде. Алайда Ассамблея бұл жұмысты тек қана өзі іске асыра алмайды. Оған ел болып белсене атсалыссақ, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз, - деді Шерзод Пулатов.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: