«Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы: «Бұл референдум біз үшін тарихи оқиға»

6 Маусым 2022, 12:27 1851

Бүгін Нұр-Сұлтанда референдумның нәтижесі бойынша референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың жиыны болды, деп хабарлайды El.kz

«Осы бір айдың ішінде 1339 шара өткізіп, 631 мыңға жуық адамды қамти алдық. Түсіндіру жұмыстарын оффлайн шектелмей, онлайн платформаларды да қолдандық. Өңірлердегі ұйым мүшелері кездесу барысында болып жатқан өзгерістерге оң пікірін білдірген болатын. Және де осы бағытта әрі қарай кәсіподақ федерациясының атқарар жұмысы жайлы сұрақтар көп болды. Бастысы заңнаманы өзгерту жағынан да кәсіподақтар федерациясының мүшелері өз үлесін қосады деген сенімдеміз. Өйткені, біз әр деңгейдегі жұмыс топтарына белсенді түрде қатысып отырмыз. Ең басты мақсатымыз – еңбек адамына, қызметкерге мемлекетіміздің әлеуметтік функциясын нығайту», - деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев.

Сонымен қоса, жиынға «Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев қатысты.

«Біздің қолымызда референдумның алдын ала нәтижелері бар. Ол қазақстандықтардың басым бөлігі Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдайтынын көрсетеді. Бұл референдум біз үшін тарихи оқиға. Қазақстандық қоғам жас бойынша әлдеқайда жас. Жастар мен орта буын өкілдері алғаш рет референдумға қатысты. Кешегі референдум жастардың елдегі жаңарту, жаңғырту жұмыстарына белсенді араласатынын көрсетті. Кеше біздің жастар саяси сауаттылық бойынша емтихан тапсырды десек те болады», - деді Тимур Жұмырбаев.

Бөлісу: