Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА отырысында ассамблеяның маңызы туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің сөзіне қарағанда, ҚХА мүшелері мұқтаж жандарға былтыр 1,7 млрд теңгеден астам көмек берген.
Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган.
Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.
Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді, - деді Тоқаев.