Асхат Аймағамбетов қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтады

1 Қыркүйек 2022, 09:09 1337

Әріптестеріне шығармашылық табыс, еңбекқор және ынталы оқушылар, амандық пен табыс тіледі

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ел тұрғындарын Білім күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz

«Сіздерді 1 қыркүйек – жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Бұл - ерекше эмоцияларды тудыратын мереке, өйткені бәріміз де оқушы болдық және осы күні ұмытылмас мектеп жылдарын еске аламыз. Бұл - бүкіл ұрпақты біріктіретін мереке.

Бұл күн, әсіресе бірінші сынып оқушылары, олардың аналары мен әкелері, ата-әжелері үшін көңіл толқытар сәттің бірі болады. Биыл 400 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады. Олар алғашқы әліппелерін қолына алып, білім әлеміне қадам басады.

Бұл - мектеп бітіруші 170 мың түлек үшін де айрықша күн. Өйткені түлектер қорытынды емтихандарға, университеттерге түсуге және өмірдегі жаңа кезеңнің басталуына дайындалады.

Ол ыңғайлы болуы үшін былтырдан бері ҰБТ тапсыру рәсіміне бірнеше артықшылық енгізілді. Яғни бұл - ҰБТ-ны 4 рет тапсыруға және грантқа түсуге 2 мүмкіндік»,-деді министр.

Сондай-ақ ол 7,6 мың мектепте 3,7 млн баланы қажырлы еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігі арқасында алғысқа бөленіп келе жатқан ұстаздарымыз оқытатынын атап өтті.

Қазақстандық мектептерде, колледждерде, балабақшаларда және басқа да білім беру ұйымдарында үздік мұғалімдер жұмыс істейді. Олар - өз ісіне берілген және шәкірттерінің қабілеттерін аша білетін кәсіби мамандар. Оқушыларымыздың халықаралық олимпиадалардағы жеңістері, колледж студенттерінің Workdskills чемпионаттарындағы жетістіктері және балаларымыздың басқа да жетістіктері соның дәлелі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтер мен оқушыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. 2023 жылғы қаңтардан бастап педагогтердің, балабақша тәрбиешілерінің және басқа да білім саласы қызметкерлерінің жалақысы тағы да 25%-ға өседі.

Халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған дарынды балаларға 4,7 млн теңгеге дейін сыйақы төленеді. Мұндай олимпиадалар тізімі тағы 7 зияткерлік сайыспен толығады. Оларға ЖОО-да оқуға гранттар да беріледі. Ұстаздар да біржолғы төлем алады.

Үлгерімі төмен балаларға ерекше қолдау, жылы сөздер және олардың жетістікке жететініне сенім қажет екенін түсіну маңызды. Сол себепті биыл Президенттің қолдауымен оқушылардың «БИЛ», «Дарын» сияқты мектептерде білім алуы үшін 15% квота енгіздік. Онымен қоса бірқатар арнайы бағдарламаны қолға алдық.

Ерекше қажеттіліктері бар балалар өздерін барынша жайлы сезініп, мектептерде оқи алуы үшін педагог-ассистенттер санын көбейтіп жатырмыз. Бұл осы бағыттағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі ғана.

«Әріптестерім осы мәселеде мені қолдап, мейірімділікке, жылулыққа, қолдауға және өзіне деген сенімге мұқтаж жандарға түсіністікпен қарайтынына сенемін.

Балаларға табысты оқу жылы мен зор денсаулық, жаңа білімге, жеңістер мен жаңалықтар ашуға күш-жігер тілеймін!

Әріптестеріме шығармашылық табыс, еңбекқор және ынталы оқушылар, амандық пен табыс тілеймін!

Баршаңызға Білім күні құтты болсын!»,-делінген Асхат Аймағамбетовтың құттықтауында.

Бөлісу: