Әскерилер соғыс ардагері Шәңгерей Жәнібековті ғасырлық мерейтойымен құттықтады

16 Маусым, 22:41 460

Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібековті 100 жасқа толуымен Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Медеу ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Бекмырза Жүсіп және "Қарулы күштердің ардагерлері" РҚБ Алматы филиалының төрағасы отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин құттықтап барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олар ардагерге Қорғаныс министрі мен ДШӘ қолбасшылығының құттықтауын жеткізіп, мықты денсаулық пен амандық тілеп, еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтты.

Шәңгерей Жәнібеков Қостанай облысы Денисов ауданы Қарпық ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол туыстарының тәрбиесінде болады.

1942 жылдың қыркүйегінде Қостанай медициналық училищесін бітіргеннен кейін Шәңгерей Жінібеков Кеңес Армиясының қатарына әскери фельдшер ретінде шақырылды. Ол соғыста Брянск, Степной және Екінші Украин майдандарында жаралыларға көмек көрсетті. Белгород, Харьков, Полтава, Кременчуг, Кировоградты азат етуге, Корсун-Шевченков және Ясско-Кишинев операцияларына, сондай-ақ Румыния, Венгрия, Чехословакия және Австрия аумақтарындағы неміс-фашист әскерлеріне қарсы шайқастарға қатысты.

Ардагер ІІ дәрежелі Отан соғысы, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, "Құрмет", "Парасат" ордендерімен, "Ерлігі үшін", "Антифашистік күреске белсенді қатысқаны үшін" (Чехословакия) медальдарымен марапатталған. Ол сондай-ақ Алматы қаласының Құрметті азаматы.

Запасқа шығарылғаннан кейін Шәңгерей Жәнібеков еңбек жолын жалғастырды. Қостанай қалалық комитетінің бірінші хатшысы және Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1976 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Зейнеткер ретінде Шәңгерей Жәнібеков шетелдегі қазақтармен мәдени байланыстар жөніндегі республикалық қоғамды басқарды. Қазақ Республикалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, кейін осы Кеңес Төралқасының мүшесі болды.

Шәңгерей Жәнібекұлының өмір жолы батылдықтың, жанқиярлықтың және Отанға адалдықтың жарқын үлгісі. Оның фашизмді жеңуге және Қазақстанның соғыстан кейінгі дамуына қосқан үлесі халық жадында мәңгі сақталады.

Зарина Арман
Бөлісу: