Әскерилер 97 жастағы соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

27 Шілде, 10:13 650

 

Алматыда әскери қызметшілер майдангер Илья Кудинді 97 жасқа толған туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Жетісу аудандық басқармасының өкілдері және Десанттық-шабуылдау әскерлері 68602 әскери бөлімінің әскери қызметшілері майдангерге ақжарма тілектерін арнады.  Ардагерлер кеңесінің өкілдері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет басшысы Ақмарал Дайырбекова ардагерге зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.

Илья Кудин 1927 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген. Майданға 1944 жылдың соңында Талдықорған облысынан шақырылған ол артиллерияда қызмет етті. Гитлерлік Германия тізе бүккеннен кейін оны жапондарға қарсы қимылдарға қатысу үшін Қиыр Шығысқа жібереді. Илья Григорьевич туған жерге жеті жылдан кейін ғана оралды.

Зейнеткерлікке шыққанға дейін ардагер механизатор болып жұмыс істеді. Еңбегі үшін II дәрежелі "Отан соғысы" орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Илья Григорьевичтің әулетінде атасын мақтан тұтатын сегіз немересі және көптеген шөберелері бар.

Майдангер құттықтаулар мен сыйлықтарды қуана қабылдап, соғыс жылдарындағы естеліктерін ортаға салды. Ол жасөспірім кезінде туыстарын майданға қалай шығарып салғанын, жолдастарын жоғалтқанын, бірақ үмітін үзбегені жайлы айтты.

Өз кезегінде Илья Григорьевич бейбітшілік үшін жан қиған жандарды жадында сақтап, ізет көрсетіп жүрген әскери қызметшілерге алғыс білдірді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: