25 желтоқсан күні Баку-Грозный бағыты бойынша орын алған әуе апаты бүкіл елді дүр сілкіндіргені белгілі. Бұл қайғылы оқиға 38 адамның өмірін қиса, 29 жолаушы аман қалды. Құтқарушылар мен дәрігерлердің шұғыл әрекеті арқасында тірі қалған жолаушыларға көмек көрсетілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Апат орнына алғаш болып жеткен ҚР Әскери-әуе күштерінің кіші сержанты Нұрлан Ботағарин болды. Ол сол күні әскери бөлімде техникаға қызмет көрсетумен айналысып жатқан. Ұшақтардың бұл аймақта жиі ұшуына қарамастан, Нұрлан апаттың ерекше жағдайын байқап, бірден кезекшіге хабарлаған.
Ақтауға бағыт алған ұшақ ұшу-қону жолағына жетпей, теңіз жағасына құлап, отқа оранды. Нұрлан жағдайды жылдам бағалап, оқиға орнына дереу жеке көлігімен жетті.
Ұшаққа жеткенде, Нұрлан бірінші болып он жас шамасындағы ақ күртеше киген қызды байқап, оны қауіпсіз жерге шығарып, көмекке бағыттады. Ол ұшақ ішіне кіріп, жарақат алған жолаушыларды шығару үшін тәуекелге барды.
40 секунд ішінде Маңғыстау электр желілік компаниясының өкілдері де құтқару жұмыстарына қосылды. Нұрлан олардың көмегімен онға жуық жолаушыны арнайы саңылау арқылы шығарып, құтқаруға үлес қосты.
Жағдайдың ауырлығына қарамастан, Нұрлан адамдарға көмектесуге бар күшін салды. Құтқару жұмыстары аяқталған соң, ТЖ қызметтері мен дәрігерлердің жұмысты жалғастырып жатқанына көз жеткізген ол бөлімге қайтып оралды.
Нұрлан Ботағариннің батырлық әрекеті туралы көпшілік кейін ғана білді. Бұл оқиға туралы алғаш рет Сайын Шапағатов кентінің тұрғындары әлеуметтік желіде фотосуреттер арқылы хабарлаған.
2017 жылдан бері ҚР Қарулы күштерінде қызмет атқарып жүрген кіші сержант Нұрлан Ботағарин Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында туған. 29 жастағы әскери қызметші жұбайы Гүлімханмен бірге екі қыз тәрбиелеп отыр.