Әскери қызметкерлер арасында тоғызқұмалақтан чемпионат өтті

17 Наурыз 2023, 22:00 811

Наурыз мейрамы қарсаңында Астанада XIII Спартакиада аясында Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының, Бас штабтың және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасында тоғызқұмалақтан чемпионат өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрлікке сілтеме жасап.

Спорт комитеті – Орталық спорт клубы жарысты екі топта ұйымдастырды. Алғашқы топта Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб департаменттерінің, басқармаларының, орталықтарының, екінші топта Қарулы күштер бас басқармаларының (басқармаларының), әскери бөлімдері мен мекемелерінің өкілдері сайысқа түсті.

Чемпионатқа барлығы 70-ке жуық әскери қызметші мен қызметкер қатысты. Айта кетерлігі, төрт мың жыл бұрын пайда болған ежелгі үстел ойыны өнерінде Үндістаннан келген Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы подполковник Шина Гоел мен қырғызстандық магистрант полковник Ринат Мұқамбетов те өз күштерін сынап көрді.

Тоғызқұмалақтан жарыс өткізу бізді тапқырлықпен, көрегендікпен және төзімділікпен ерекшеленетін ата-баба дәстүріне дағдыландырады. Бұл қасиеттер күнделікті өмірде де, қызметте де күш береді, - деп атап өтті Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы, полковник Ербол Құмарбекұлы.

Командалық есепте бірінші топтағы «алтынды» Жауынгерлік даярлық департаментінің спортшылары жеңіп алса, екінші топта 14776 әскери бөлімінің құрамасы үздік атанды.

Орталық аппарат тобындағы жеке біріншілікте ерлер арасында Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің өкілі, 3-сыныпты сержант Шалқар Ілиясов, әйелдер арасында Жауынгерлік даярлық департаментінің өкілі, кіші сержант Дәуренгүл Нұрланқызы жоғары өнер көрсетті.

Басқармалар мен әскери бөлімдер тобында ерлер арасында әскери полиция бас басқармасының өкілі, қатардағы жауынгер Айтым Ерасыл, әйелдерде арасында 14776 әскери бөлімінің өкілі, майор Замира Бекмұратова үздік нәтиже көрсетті.

Елордалық десанттық-шабуылдау бригадасының спортшысы, 3-сынып сержанты Гүлжан Болысбаева «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясында марапатталды.

Жарысқа белсенді қатысқаны үшін Ұлттық қорғаныс университеті мен Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының командаларына, сондай-ақ оқытушы Шина Гоел мен магистрант Ринат Мұқамбетовке грамоталар табысталды.

EL.KZ
Бөлісу: