Әскери қызмет мерзімін өтегендерге қандай жеңілдіктер бар?

27 Қазан 2023, 15:46 1668

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2024 жылдан бастап мерзімді әскери қызмет еткен азаматтарға жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік гранттар бөлінетін болады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы Ербол Құмарбекұлы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл мақсатта қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізілу үстінде. Енді мемлекеттік грантпен қатар мерзімді әскери қызметін өтегендер шәкіртақы және жатақханамен қамтамасыз етілетін болады. Білім беру жеңілдіктерін бөлудің бірінші жылын қорытындылайтын болсақ, биыл конкурстық іріктеуге 2023 жылы әскерден босаған 2022 жылғы көктемгі және күзгі шақырулардың 29491 сарбазы қатысты, – дейді Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы.

Ай сайын барлық пән бойынша әскери қызметшінің ағымдағы бағаларының рейтингі шығарылып отырады. Есепке алу әскерлердегі жауынгерлік дайындық журналдарында және осы электрондық платформада жүргізіледі.

Электрондық жүйеде әр сарбазға жеке рейтинг жасалады. Сарбаздар жоғары оқу орындарына түскені туралы өз сертификаттарын «Срочники 2.0» платформасынан ала алады. Сондай-ақ тізімдер әлеуметтік желілерде жарияланып, жоғары оқу орындарына жолданды, – деді басшысы Ербол Құмарбекұлы.

               

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: