Әскери бағыттағы оқытушыларды дайындау мәселелері талқыланды

29 Мамыр, 07:34 738

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында алғашқы әскери және технологиялық дайындықты ұйымдастырушы оқытушылардың кәсіби құзыретін дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс-шараны «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» ұйымдастырды.

Талқылауға Қорғаныс, Оқу-ағарту, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ және «ФИНИСТ» компаниясы» ЖШС-нің өкілдері қатысты.

Ведомстволардың өкілдері наурыз айында Астанада өткен семинардың және алғашқы әскери және технологиялық дайындықты ұйымдастырушы оқытушылардың кәсіби құзыретін дамыту мәселелері бойынша сәуір айында Алматы мен Шымкентте өткізілген ғылыми-әдістемелік конференциялардың нәтижелерін талқылады.

Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы запастағы полковник Ерлан Закиевтің айтуынша, іс-шара АӘТД мамандарын оқытудың бірыңғай жүйесін құруға бағытталған. Бұл өз кезегінде болашақ Отан қорғаушыларын әскери қызметке неғұрлым сапалы дайындауға оң ықпал ететін болады.

Жастарымыз сауатты, әрі патриот, ал қалғанының бәрі өзімізге байланысты. Біздің басты міндетіміз – жас ұрпақты Отан қорғауға дайындау. Сондықтан педагогтарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға барынша көңіл бөлеміз. Оларды әскери бөлімдерге алып барып, сарбаздардың өмірімен жақынырақ таныстырамыз. Сонымен бірге АӘТД оқытушыларына саптық және атыс дайындығы бойынша практикалық сабақтар өткіземіз. Оларға әскери топография мен алғашқы медициналық көмек көрсетудің негіздерін үйретеміз, – деді Е. Закиев.

Іс-шара барысында «ФИНИСТ» компаниясы» ЖШС өкілдері өз мамандары әзірлеген қала ішіндегі ұрысты модельдеуге арналған «Геотактика» симуляторын таныстырды. Әскери қақтығыстардың тәжірибесі көрсеткендей, қазіргі заманғы шайқаста дрондар мен роботтар белсенді қолданылады.

Технологияларды пайдалана отырып, оқытудың заманауи әдістемелерін қолдану білім беру жүйесіне серпіліс береді. Мұндай тренажер мектеп оқушыларының, әскери кафедраларда оқитын студенттер мен әскери оқу орындары курсанттарының әскери іске, әскери өнерге және жалпы әскери ғылымға деген қызығушылығын дамытады, - деп түсіндірді запастағы полковник Еран Закиев.

Тәжірибе көрсеткендей, технологиялық дайындық бөлімше, взвод және рота буынында айтарлықтай сұранысқа ие. Сондықтан АӘТД сабақтарында саптық дайындық пен автоматты қаруды иеленудің негіздерін ғана емес, сонымен қатар қару-жарақ пен әскери техниканың тактикалық-техникалық сипаттамаларын да үйретуіміз қажет.

Зарина Арман
Бөлісу: