Әскердегі қылмыстың саны жылдан жылға азайып келеді – Мәжіліс депутаты

2 Қыркүйек, 11:10 436

AMANAT фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Мәжілістің кулуарында әскердегі әлімжеттік мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айдос Сарымның сөзінше, аталған мәселеге қатысты Мәжілісте арнайы отырыстар өткізіліп тұрады.

Әскердегі қылмыстың саны азайып келеді. Бірақ қазір қоғамдық пікірдің өзгеруімен, әлеуметтік желінің салмағымен әрбір фактор елге жайылып, үлкен резонансқа айналады, - деді ол.

Мәжіліс депутаты әскердегі қылмысқа қатысты қабылданып жатқан заңның бәрі қауіпсіздікке қатысты екенін айтады.

Өткен жылдың соңында ұлттық қауіпсіздікке байланысты заң қабылданды. Енді оның екінші пакетін күтіп отырмыз, - деді Айдос Сарым.

AMANAT фракциясының мүшесі әскери әлемжеттікке қатысты қоғамдық бақылау күшейгенін атап өтті.

Ресми деректерге назар аударсақ, әскердегі қылмыстың саны ол әлімжеттік, төбелес, ұрлық, басқасы болсын жылдан жылға азайып келеді. Әлем бойынша бұл мәселені жойылды деп айту қиын. Ерлер жиналған жерде өкінішке қарай, әртүрлі жағдайлар болады. Тіпті ол мектепте де, университетте де бар. Бірақ біз мектеп пен университетті жабу керек деп айтып жатқан жоқпыз ғой. Сондықтан әр нәрсені зерттеу керек. Кінәлі адамдар жауапқа тартылуы тиіс. Оны біз қамтамасыз етеміз, - дейді Айдос Сарым.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: