31.01.2026
11:15
791
Әскердегі қауіпсіздік пен жауапкершілік: жаңа бақылау тетіктері қалай жұмыс істейді

Әскердегі қауіпсіздік пен жауапкершілік: жаңа бақылау тетіктері қалай жұмыс істейді

Әскер – тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі болуы тиіс. Соңғы жылдары Қазақстанда мерзімді әскери қызметке қатысты түрлі мәселелер жиі көтерілген соң, бұл салада бірқатар өзгерістер енгізіле бастады. Бұл өзгерістер қандай бағыттарды қамтиды?

2026 жылдың басынан бері үш бірдей мерзімді әскери қызметші қаза тапты. Бұл жағдай қоғамда армиядағы қауіпсіздік, психологиялық бақылау, тәрбие жұмысы және жалпы қызмет жағдайына қатысты сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды.

6 қаңтарда Шымкент қаласында Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарған сарбаздың жүрегі кенеттен тоқтап, ауруханада көз жұмды. Ұлттық ұланның мәліметінше, ол әскери қызметке келген алғашқы күндерінен бастап бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген және денсаулығына байланысты есепте тұрған. Соған қарамастан, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмады.

Ал 23 қаңтарда Өскемен гарнизонында 19 жастағы сарбаз қарауылдық қызмет кезінде абайсызда өз қаруынан оқ атып, қаза тапты. 27 қаңтарда Жамбыл облысында тағы бір сарбаз қарумен жұмыс істеу барысында өлімге әкелген жарақат алды. Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл оқиғалар армиядағы қару қауіпсіздігі, жеке құрамның психологиялық дайындығы және бақылау тетіктерінің тиімділігі мәселесін алға шығарды. Трагедиялардың сипатына қарасақ, мәселе тек бір ғана факторға тірелмейді. Денсаулық жағдайы, психологиялық тұрақтылық, қарумен жұмыс істеу мәдениеті – бәрі өзара тығыз байланысты.

Құқық қорғаушылар мен сарапшылардың айтуынша, Қазақстан армиясында әскери әлімжеттік әлі күнге дейін толық жойылған жоқ. DEMOSCOPE жүргізген сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың 37,8%-ы әлімжеттікті армиядағы басты проблема деп көрсеткен. Одан кейін сыбайлас жемқорлық пен материалдық-техникалық базаның ескіруі аталады.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары суицид көрсеткіші төмендегенімен, бұл мәселе толық шешілді деуге ерте. 2024 жылы – үш, 2025 жылы – екі жағдай тіркелген. 2026 жылдың басындағы екі оқиға бойынша әзірге нақты қорытынды жасалған жоқ, тергеу жалғасып жатыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда әскерге шақыру кезінде жастардың психологиялық жағдайына ерекше мән беріледі. Суицидке бейімділігі бар азаматтар міндетті түрде қосымша тексеруден өтеді және әскерге жіберілмеуі мүмкін. Сонымен қатар, әскери бөлімдерде психологтар тұрақты жұмыс істейді, ал қайғылы оқиғалардан кейін барлық бөлімдерде қайта психологиялық тексеру жүргізілуде.

Дегенмен сарапшылар бұл жерде бір ғана психологиялық іріктеумен шектеліп қалмау керектігін айтады. Әлімжеттік мәселесі – көбіне жабық ортада, бақылау әлсіреген кезде туындайтын құбылыс. Сондықтан бұл бағыттағы ашықтық пен азаматтық бақылау тетіктері де маңызды рөл атқарады.

Әскердегі сарбаздар туыстарымен бейне қоңырау арқылы сөйлесе алады

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов әскердегі оқыс оқиғаларды азайту мақсатында қарамағындағыларға алты нақты тапсырма берді.

Ол мынандай алты міндет жүктеген:

Бірінші, тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейеді. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдайды.

Екінші, әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейі қайта бағаланып жатыр.

Үшінші, командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі күшейеді. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Төртінші, скери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілді.

Бесінші, тәулік бойы бақылау еніп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.

Алтыншы, әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста.

Сондай-ақ қоғамдағы сенімді арттыру мақсатында Қарулы күштерде «Ашық есік» күндері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл күндері ата-аналар мен жақындары сарбаздардың тұрмыс жағдайымен, асханалармен, казармалармен, күнделікті қызмет тәртібімен таныса алады.

Сонымен қатар:
• сарбаздар үшін отбасымен бейнеқоңырау жасау мүмкіндігі бар;
• әскери бөлімдерде ата-аналарға арналған WhatsApp чаттар ашылған;
• «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитетіне бөлімдерге еркін кіруге рұқсат берілген.

Бұл шаралар әскери қызметтің жабық жүйе емес, қоғаммен байланыста екенін көрсетуге бағытталған. Алайда ашықтық тек формалды деңгейде қалмай, нақты бақылау мен кері байланысқа ұласуы тиіс деген пікір де аз емес.

Cуицидке бейім жастар әскерге алынбайды

Қазақстан армиясында әскерге шақырылатын жастарды іріктеудің жаңа жүйесі – PSY-суицидке бейімділікті ерте анықтауға бағытталған тәуекел енгізілуде. Бұл әдістеме жастардың психикалық денсаулығын ерте кезеңде бағалауға, суицидке бейімділік белгілерін анықтауға және қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

PSY-тәуекел әдістемесін Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірлеген. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – психикасы тұрақсыз, яғни жүйкесі әлсіз немесе суицидке бейім жастарды ерте анықтап, оларды әскерге жібермей, армиядағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу. Жоба 2025 жылдың көктемгі науқан кезінде сынақтан сәтті өткен. Тексеріс барысында суицидке бейімі бар 470-тен астам жас анықталып, олардың бәрі әскерден босатылған немесе қосымша тексеріске жіберілген.

Біз психикасы тұрақсыз азаматтарды електен өткізіп қана қоймай, әскери бөлімдердің ұжымдарын ықтимал қауіпті жағдайлардан қорғауға ұмтыламыз. Бұл жерде бөлімшелердегі әскерилердің денсаулығы, өмірі және моральдық ахуал туралы сөз болып отыр, – дейді Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышев.

Жаңа жүйе бірнеше кезеңнен тұрады:
• бастапқы тексеріс (скрининг);
• тереңдетілген психологиялық тексеріс;
• қажет болған жағдайда – психиатриялық сараптама, кейбір жастар психиатрге де жіберілуі мүмкін.

Негізгі мақсат – психоэмоционалды тұрақтылық тұрғысынан Қарулы күштерде қызмет етуге дайын емес адамдарды әскер қатарынан шығару. Үкіметтің тапсырмасымен қолға алынған PSY-тәуекел жүйесі еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізілмек.

Әлеуметтік қолдау мен білім беру мүмкіндіктері

Соңғы жылдары мемлекет мерзімді қызметтегі сарбаздарға арналған әлеуметтік қолдауды күшейтті. Sarbaz 2.0 цифрлық жобасы арқылы 9 мыңнан астам сарбаз білім беру гранттарына ие болды. Сонымен қатар, 20 мыңнан астам сарбаз несие төлемдерін уақытша тоқтату мүмкіндігін пайдаланды.

Әскер қатарында жүргенде:
• жұмысшы мамандықтарын тегін меңгеру;
• ресми сертификат алу;
• ЖОО-ға түсу кезінде жеңілдіктер қарастырылған.

«Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесінде Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және ТЖМ-нің әскери бөлімдері тіркелген. Олар 2022–2025 жылдардағы 120 мың әскери қызметшіні қамтиды.

Әрбір әскери қызметшіге үш мамандық пен үш ЖОО-ны таңдауға мүмкіндік беріледі. Гранттарды бөлу белгіленген мерзімде, жауынгерлік даярлық нәтижелері және қорытынды тестілеу көрсеткіштерінің жиынтығы негізінде автоматты түрде жүргізіледі. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 2010 әскери қызметші ЖОО-ларға мемлекеттік білім беру грантына және әскери және арнайы оқу орындарының 214 грантына ие болды. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында азаматтық жоғары оқу орындарына 700 мемлекеттік білім беру гранты, әскери және арнайы оқу орындарына 277 грант бөлінді, – деді ҚР ҚМ әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев.

Сонымен қатар Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков сарбаздарға әлеуметтік жеңілдіктер мен тұрғын үй жағдайлары қарастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері тамаққа қаржыландыру көбейтілгенін жеткізді.

Қазір әскерге шақырылғандар әскери борышын өтеу үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Оның ішінде әлеуметтік жеңілдіктер мен тұрғын үймен қамтамасыз ету бар. Биылдан бастап күнделікті тамақ рационы 28% өсті, – деді ол.

Жалпы алғанда, армиядағы реформалар мен жаңа бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанымен, қоғам үшін ең бастысы – нәтиже. Әрбір сарбаздың аман-есен қызметін аяқтап, үйіне оралуы ғана бұл өзгерістердің тиімділігін көрсетпек.