Асқақ Астана 20 жылдығын қалай тойлайды?

28 Мамыр 2018, 15:12 4799

Қала күніне арналған 600 шара өтетінін білесіз бе?

Биыл ажарлы Астанамыздың құрылғанына 20 жыл. Қала күнін тойлауға бағытталған мерекелік іс-шаралар басталып та кетті. Мәдениет және спорт басқармасы таратқан ақпарға сенсек, елорданың 20 жылдығы шеңберінде алты жүзден астам іс-шара өтеді екен. Олай болса қала күнін мерекелеуге қатысатын шаһар қонақтары мен тұрғындарын қандай шаралар қызықтыруы мүмкін? Бір шолып өтейік.

Мерекелік шаралардың шымылдығын Астан төрінде 24-26 мамыр күндері Тәуелсіздік сарайында жетекші сән үйлерінің қатысуымен өткен «Kazakhstan Fashion Week» жоғары сән апталығы ашып берді.  

29 мамырда «Қазақ Елі» монументі жанындағы алаңда қазақстандық және ресейлік жұлдыздардың қатысуымен өтетін Open Air форматындағы «Ұлы дала бірлігі» концерт-шоуын өткізіп алмаңыз.

4 шілде күні «Барыс Арена» көпфункционалды мұз сарайында болатын Қазақстан, Ресей, Белоруссия және Арменияның үздік құрамалары арасында КВН Жоғарғы лига жеңімпаздарының «Еуразия Кубогы» халықаралық турнирінен қапы қалмаңыз.  

Маусымның 29 мен 1 шілде аралағында өтетін «Hip-Hop Fest», «Rock Fest», «DJ Fest» халықаралық заманауи музыка фестивалін тамашалауға мүмкіндік бар. Өтетін орыны «Алау» мұз сарайы.

Дәстүрге айналған Амфитеатр биыл да Есіл өзенінің жағалауына өз қанатын жаймақ. 4-6 шілде аралығында аспан астында өтетін «Астана Арқау» халықаралық түркі музыкасы фестивалін көруге болады.

Заманауи этникалық музыка тыңдағанды ұнатасыз ба? Олай болса 5-6 шілде күндері «Бәйтерек» монументі алдында өтетін «Spirit of Astana» халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалін тамашалауға зор мүмкіндігіңіз бар.

29 мамырда астана тұрғындары мен қонақтарына арналған бірнеше тегін іс-шара өтпек.  Тұңғыш Президент кітапханасында «Вечная иллюзия» көрмесі өтсе, «Жастар» сарайында «Астана BOOM» балмұздақ жәрмеңкесі ұйымдастырылады. 

Қала күнін мерекелеуге бағытталған басты шара – 5 шілдеде «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңда өтеді. Ажарлы Астананың 20 жылдығына арналған гала-концерт сіздерді тың бағдарламамен қуантпақ.

Елордада 25 маусым мен 6 шілде аралығында 61 іс-шара өтеді деп жоспарланған.

Жақында елорданың 20 жылдығына арналған www.astanaday.kz  сайты ашылғанын естеріңізге сала кетейік. Шаһардың 20 жылдық мерейтойына арналған барлық мерейтойлық концерттер мен акциялар, жарыстар сондай-ақ өзге де іс-шаралар туралы толық мәлімет 21 мамырдан бастап www.astanaday.kz сайтында жарияланады.

Атап айтқанда, аталмыш ресурста өткізілу орындары, билеттердің бағалары мен сату орындары туралы ақпарат; анонстық материалдар; БАҚ-қа арналған баспасөз-релиздер; жолдардың жабылуы мен тұрақ орындары жайлы ақпарат және т.б. көрсетілген түбегейлі мәліметтер қолжетімді болады.  

Тағы бір жағымды жаңалық – қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жұмыс істейтін болады. Бұл базадан сіз барлық қажетті ақпаратты мемлекеттік және ресми тілде ала аласыз. Онда «109» жедел нөмірі бойынша тәулік бойы колл-орталығы жұмыс істеп, барлық сауалдарға жауап беретін болады.  

Қала күнін тойлауға тек қана Қазақстаннан ғана емес, таяу және алыс шетелдерден меймандар келеді деп күтілуде.

Астананың 20 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларға билеттер 2018 жылдың 21 мамырынан бастап сатыла бастайды.

Билеттерді www.topticket.kz сайтында және төмендегі сату орындарында сатып алуға болады:

1. «Астана» концерт залы (Кенесары көшесі, № 32);

2. «Жастар» сарайы (Республика даңғылы, № 34);

3. «Керуен» СОСО (Достық көшесі, № 9);

4. «Keruen city» СОСО (Қорғалжын тас жолы, № 1).

 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: