«Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді дана халқымыз. Мақалама арқау болған дарынды, дара бала, үздік оқушы, «Балапан» балалар телеарнасының жүргізушісі Ақылбек Медеу Құрманбайұлы. Отбасындағы жалғыз атұстар көп күттіріп, 52 жастағы Құрманбай мен 46 жастағы Жаннаның отбасында Алматы қаласында дүниеге келген. Ол әлемге танымал мұз айдыны Медеуге аты берілген Медеу Пұсырмановтың ұрпағы. Ата-анасы батырлығы мен байлығы, қайырымдылығы мен қарайымдылығы талай жырға арқау болған Медеу атаның есімін ұрпағына дарысын деген ниетпен ырымдап қойған екен.
Баланың негізгі тәлімгері де, сыншысы да - ата-анасы болмай ма? Заман талабына сәйкес, ата-анасы мен әпкелері жұмысбасты болғандықтан, Медеудің тәрбиесімен көбіне әжесі Манат айналысады екен. Үйде қазыналы қартың болған қандай ғанибет десеңші! Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Манат Ералина мемлекет және қоғам қайраткері Шәбден Ералиевтің қызы. Сондықтан, Медеудің генеологиялық тамыры мен ата-тегіне қарап оның талантының тереңнен бастау алатынына көз жеткізуге болады. Осылайша, ата-баба аманатын арындай ардақтайтын, ислам негіздерін берік ұстанатын, ұлттық мәйегін жоғалтпаған ордалы отбасында рухы мықты, талапты, иманы берік және ізденгіш бала өсіп келеді.
Ойын баласы болып саналатын 10 жастағы Медеудің шын мәнісінде ойынға мүлдем уақыты жоқ екен. Себебі, оның әр минуты, сағаты мен күні жүйелі жоспарланған. Ұзақ күткен мұрагердің зеректігін, ерекше есте сақтау қабілеті мен аңғарымпаздығын ерте байқаған ата-анасы мен әжесі оны жан-жақты дамытуды ерте қолға алыпты. Анасының айтуынша, 6 айлығында былдырлап тілі шыққан Медеу, 8 айлығында алғашқы қадамдарын жасап, 1 жасында анық сөйлей бастапты. Ал, 4 жасында әріп танып, кітап оқыған екен. Анасы Медеудің ерекше есте сақтау қабілеті жайлы былай дейді: «Бірде ұйықтағалы жатыр едік, ол динозаврлардың мыңға жуық түрін білетінін айтып, олардың аттары мен өлшемдерін жатқа соққанда, ұйқым шайдай ашылып, қатты таңғалдым. Ол кезде балам 4 жаста болатын. Сол сәтте мен баламнан айрықша таланттың ұшқынын көріп, оны дамытуға мән бере бастадым. Бір күні Медеу Мұқағали Мақатаевтың 80 шумақтан тұратын «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын азғана күнде жаттап алып, бізге судыратып айтып берді. Өлеңнің жүректен шығып жүрегімізге жеткені соншалықты, барлығымыз мұңға бөленіп, ағыл-тегіл жыладық. Баламның дауыс ырғағы, айту мәнері бізді тәнті етіп, оның шығармашылық қабілетін ұштау үшін шешендік өнер, актерлік шеберлік курстарына бере бастадық».
Осылайша, ата-анасы Медеудің ерекше қабілетін барынша ашу мақсатында 5 жасынан бастап түрлі курстар мен секцияларға апара бастайды. Осы шығармашылық ізденістің ізімен ол «Балапан» телеарнасының іріктеу конкурсында актерлік қабілетін көрсетіп, «Мақта қыз бен мысық» балалар фильміне түседі. Кейін осы телеарнаның «Он саусақ», «Бірге-бір», «Кел, ойнайық», «Ойлан, тап» бағдарламаларына арнайы қонақ ретінде шақырылады.
Медеу күрделі, ұзақ өлеңдер мен мәтіндерді оқудағы шеберлігімен көзге түсіп, отандық телеарналардағы жоғары рейтингтерге ие «Әйел бақыты», «Таңшолпан», «Біздің үй», «Пендеміз ғой» бағдарламаларына қатысады. Бүгінде Медеу ойының ұшқырлығы мен ерекше қабілетінің арқасында жүзден жүйрік шығып, «Балапан» телеарнасының тележүргізушісі болып бекітілді. Ол тікелей эфирде жүргізетін «Жас ғалым» бағдарламасы физика, химия, инженерия, техника салаларының сырын ашып, түрлі тәжірибелер арқылы баланы білім-ғылымға баулуды көздейді. Телекөрермендермен интерактивті байланыс орнату арқылы тапсырмаларды бірге орындауға мүмкіндік береді. Ғылыми-танымдық бағдарламаны 20 минут бойы тікелей эфирде тізгіндеу тәжірибелі тележүргізушінің өзіне оңай соқпасы анық. Сондықтан, Медеудің камера алдындағы ұстамдылығы мен тапқырлығы, мәтінге байланбаған шығармашылық еркіндігі еріксіз таңғалдырады.
Дарынды баланың бойында тоғысқан сан қырлы талант оның кітапқа құмарлығынан айрықша көрінеді екен. «Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» деген әжесінің өмірлік қағидасын немересі де көкірегіне тоқып алған секілді. Жалпы, ұлттық тәрбие әже тәрбиесінен бастау алады десек қателеспейтін болармыз. Әже тәрбиесін көрген қазақтың ұлы тұлғалары қаншама десеңші?! Ұлы Абайдың әжесі Зере, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным тұтас әже тәрбиесінің биік парасатын айғақтайды. Бұл отбасында тәрбие тізгінін алған Манат әже Медеуді тал бесігіне бесік жырын айтып бөлегенін, бүгінгі күнге дейін ертегі айтып ұйықтатынын айтты. Қалада тұрса да ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөлетін Манат әже бала тәрбиесі туралы былай деді: «Мен бүгінде сексеннен ассам да немерелерімнің сабағымен және тәрбиесімен көбіне өзім айналысамын. Өнер мен еңбекке барынша баулуға тырысамын. Қонақжайлылық пен қайырымдылыққа, көпшілдік пен кішіпейілділікке үйретемін. Шынымды айтсам, аулаға шықсам да, қоғамдық көлікке мінсем немесе түрлі ойын-сауық орталықтарына барсам да, немересімен орысша шүлдірлеген әжені, өзара орысша күбірлескен жас-кәріні көремін, соған қатты қынжыламын. Мен секілді қарттар немересін бесікке бөлеп, әлдилемесе, оған ертегі айтып, батырлар жырын тыңдатпаса, шежіре үйретіп, ұлттық салт-дәстүрді уағыздамаса ұлттық тәрбие қайдан болады? Елім деген ерді ертең емес, бүгін тәрбиелеу керектігін қашан түсінеміз? Міне, мен осы мәселені немерелерімнің құлағына құйып, үнемі айтып отырамын». Осы әңгімеден кейін әжесінің әлдиі мен ертегісін тыңдап, мол мейірімі мен махаббатына бөленіп өсіп келе жатқан Медеудің кішіпейіл, еңбекқор және тәрбиелі азамат болып ержететіне күмәнім қалмады.
Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы өзінің бір естелігінде: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ» деп қынжылған екен. Алайда, Манат әжедей асыл әженің тәрбиесі мен одан сусындап, желкілдеп өсіп келе жатқан Медеудей талапты ұрпақты көргенде ұлттық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығының нәзік жібінің әлі де болса үзілмегендігіне көңілім марқайып, көзім сүйсінді.
Отбасында әкесінен табандылықты, анасынан зеректікті, әжесінен ұлттық тәрбиені сіңірген Медеудің шығармашылық қабілетін ұштап, поэзияға баулуға сынып жетекшісі Шабарова Зере апай да зор септігін тигізген екен. Апайының жетекшілігімен Медеу барлық мектепішілік шаралардың жүргізушісі, қалааралық және республикалық олимпиадалар мен түрлі интеллектуалдық, спорттық сайыстардың жеңімпазы атанады. Ұлы Абайды ерекше құрмет тұтатын Медеу оның 40-қа жуық өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқитынын айтқанда таңданысымды жасыра алмадым. Сонымен қоса, ол ақиық ақындар Сәкен Сейфуллиннің, Қасым Аманжоловтың, Мұқағали Мақатаевтың, сондай-ақ қазіргі заманғы жас ақын Олжас Қасымның шығармаларын мәнерлеп орындайды екен. Репертуарының басым бөлімін Отан, туған жер, тіл туралы патриоттық өлеңдер құрайды. 2016 жылы Медеу С.Сейфуллин кешінде поэзия оқуларына қатысып, үздік атаныпты. Шынымды айтайын, алғыр баланың барлық марапаттарын бір мақалада тізбектеу маған қиынға соқты.
Кітапты сүйсініп оқитын Медеу Ұлттық академиялық кітапхананың ең белсенді жас оқырманы. Биыл 23 сәуірде халықаралық кітап күніне орай Ұлттық академиялық кітапхана жанынан Балалар кітапханасы ашылды. Медеу кітапхананың ашылу рәсімінде ұлт зиялыларымен бірге лента қию құрметіне ие болып, ең алғашқы оқырман атанды. Ол осы сүйікті кітапханасы туралы былай дейді: «Балалар кітапханасы оқырмандарын өзіне баурап алатын өте қызықты әрі бала қиялы мен сөздік қорын молайта түсетін рухани қазынаға толы. Мен осы жерден қаншама қызықты кітаптар оқыдым. Осы кітапханада еліміздің таңдаулы тұлғаларынан бата мен сый-сияпаттар алдым».
«Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп ұлы Абай кітаптың өмірлік азық, мол қазына және тақтан да қымбат бағалы құндылық екенін айтып кеткен. Осы асыл мұраны серік еткен Медеу жаңа әдебиеттерді ерекше құлшыныспен және құштарлықпен оқитынын айтты. Сондай-ақ, уақытының ретіне қарай аптасына 1 кітаптан оқуға тырысады екен.
Жас оқырман биыл 7-8 маусымда Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа» халықаралық балалар жазушыларының форумына қатысып, барлық жас оқырмандардың атынан сөз сөйлепті. Өз сөзінде ол барша балалар жазушыларына қаратып: «Бүгінгі таңда балалар әдебиетінің жанданып, өмірлік мұраттарға жетелейтін ізгі ойлардың тоғысуы қандай ғанибет! Осы орайда балалар жазушыларына біреу де болса бірегей тілегім бар. Біз өзімізге үлгі тұрар таңғажайып немесе қаһарманды іздейміз. Сондықтан да балалар жазушылары Гарри Поттер сияқты сүйікті кейіпкерлер тудыратын қиял-ғажайып шығармалар жазса екен» деген айрықша тілегін білдіріпті. Медеудің сөзіне таңданысын білдіріп, қатты толқыған форум қонағы Ұлыбританияның балаларды қорғау жөніндегі ұйымының маманы Джил Браун оның қолын алып, келешекте әріптестік орнатуға ұсыныс жасапты.
«Қазір қандай кітаптар оқып жатырсың?» деген менің сұрағыма Медеу мүдірместен «Маған негізі батырлар жыры мен тарихи кітаптар қатты ұнайды. Ал, фантастика жанры әзірге маған қызықсыз, тартпайды. Дәл қазір Роберт Кийосаки мен Шарон Летчердің «Богатый папа, бедный папа» бестселлерін оқып жатырмын. Келесі кезекте Робин Шарманың мотивиациялық, іскерлік еңбектері мен Дейл Карнегидің психологиялық еңбектерін оқимын», - деп байсалды жауап берді.
Әлемдік ғылыми жетістіктердің басым бөлігі ағылшын тілінде жасалатынын айтқан Медеу кейбір фильмдер мен бағдарламаларды таза ағылшын тілінде көретінін тілге тиек етті. Он жасар ойлы баланың айтуынша, ағылшын тілінде аудармасыз ақпарат алу есту және түсіну функцияларын дамытуға ықпал етеді екен.
«Талантты адам барлық жағынан талантты» демекші, Медеу спортқа да жақын екен. Ол 6 жасынан бастап кунг фу спорт секциясына барып, айрықша шеберлігі үшін «қоңыр белдік» иеленіпті. Қазір стол теннисі мен шахмат секцияларына барады екен. Биыл 17 ақпанда №66 мектеп-лицейде халықаралық гроссмейстер Дәрмен Садвакасовтың Шахмат Академиясының ашылу салтанаты барысында өткен ойын сеанста 50-ден аса баланың ішінде Медеу топ жарып, Қазақстанның 5 дүркін чемпионымен шахмат ойнау мәртебесіне ие болады. Медеу әсіресе, футболға ерекше әуес екен. Бір жыл бойы «Санлин» футбол академиясына барған Медеу қазір уақытының тығыздығына байланысты, кәсіби футболды уақытша тоқтатып, әуесқой футболмен айналысып жүргенін айтты. Мені Медеудің әсіресе, әлемдік футбол командаларының мыңға жуық ең танымал ойыншыларының өмірі мен еңбек жолын жатқа білетіні қатты таңғалдырды. Сұрақты қалай қойсам да жаңылдыра алмадым. Бұл футболға деген ерекше құштарлық пен қызығушылықтан туындаған болар деп ой түйдім.
Медеу кеше ғана яғни 2018 жылы 1 қыркүйекте Астана қаласында Катар мемлекетінің даму қорының қолдауымен ашылған №85 жаңа мектеп-лицейдің ашылу рәсімінде Елбасының алдында сөз сөйледі. Ол Елбасын қолданбалы ғылым саласы гидравлика мен экскаваторлардың жұмыс істеу қағидалары туралы таныстырыпты. Таңдайы тақылдаған балаға дән риза болған Елбасы оның басынан сипап, ризалығын білдіреді. Төбесі көкке жеткен Медеу бұл оқиғаны тарихи сәтке, Елбасының басынан сипағанын биік батаға балайтынын айтты. Жаңа оқу жылының осындай қуанышты оқиғамен басталуы талапты жастың ізденісін ілгерілетіп, қабілетін ұштап, жаңа жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз. Болашақта нақты кім болатыны туралы сұрақтан сәл мүдіріп, жұмбақ жымиған Медеу өнер мен спорттың барлық түрі қызықтыратынын, сондықтан әлі ой үстінде жүргенін айтты. Егер, тіл – ұлттығымыздың айғағы, діліміз – дәстүрлі рухани болмысымыз десек, осы рухани байлықты бойына сіңірген озық ойлы, ерекше қабілетті желкілдеген жеткіншек ертеңінен зор үміт күттіретіні сөзсіз.
Дайындаған: Перизат Сәдуақас