2025 жылғы 9 шілдеде Қайрат П. мен оның анасы Алашбаева Г.-ға қатысты 3,5 млрд теңге жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс аясында алдын ала тыңдау өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тыңдау кезінде Қайрат П. мен оның қорғаушысы істі жабық түрде қарау туралы өтініш білдірді. Прокурор өз кезегінде жәбірленушілердің мүддесін қорғау мақсатында сотталушылардан жауап алу мен кейбір құжаттарды жабық форматта зерделеу қажеттігін атап өтті, себебі бұл материалдарда құпия және банк құпиясын құрайтын деректер бар. Жәбірленушілердің бір бөлігі өтінішті қолдап, ал екінші бөлігі шешімді соттың қарауына қалдырды.
Тараптардың уәждерін саралай келе, сот істі жалпыға ашық түрде қарауға шешім қабылдады. Сонымен қатар, сот БАҚ өкілдеріне сот процесіне қатысуға және фото, бейне түсірілім жасауға рұқсат берді, алайда сотталушылардың өз бейнелерін түсіруге қарсы болған жағдайларда бұл шектеу сақталады.
Құпия және банк құпиясын құрайтын мәліметтердің жария етілмеуін қамтамасыз ету мақсатында сот осындай деректерді қарау мен жауап алу рәсімдерін жабық отырыста өткізуге шешім қабылдады. Негізгі сот отырысы 14 шілдеге белгіленді.
Бұған дейін Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қайда жұмсағаны туралы жазған едік.