Асхат Аймағамбетов: Мемлекеттік тілде бәсекеге қабілетті азамат тәрбиелеуге мүмкіндік бар

2 Қазан 2023, 18:15 1691

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов «Еркін сұхбат» бағдарламасында мемлекеттік тілде білім алу жүйесін қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекеттік тілде бүгінде жақсы, сапалы, бәсекеге қабілетті азамат тәрбиелеп, білім беріп өсіруге барлық мүмкіндік бар. Бірақ біз оған тиісті жағдай жасауымыз керек. Қазақша ақпарат, кітап, қазақ тілінде мультфильм көп болуы қажет. Қазір мысалы ауылға барсаңыздар, 4-5 жасар бала қай тілде сөйлегенді жақсы көреді деп сұрасаңыздар, түсінесіздер. Ол мектеп пен оның жұмысының кемшілігінің кесірінен емес, ата-анасының баласына беріп қоятын телефонындағы контенттің қай тілде екендігіне байланысты, - деді ол.

Асхат Қанатұлы мемлекеттік тілді қолдау қажет деп есептейді.

Басқа тілдерде оқуға да бізде мүмкіндік бар. Ағылшынша да, орысша да оқып жатыр. Мен министр болып тұрған уақытта орыс, ағылшын тілін 1 сыныптан алып тастап, 2-3 сыныпқа жылжыттық. Бала бірінші сыныпқа келгенде үш әртүрлі тілді алып жүруі өте қиын. Ол ең бірінші өз ана тілін үйреніп алуы тиіс. Ана тілінде жазып, жаттап, оқып үйреніп алғаннан кейін басқа тілдерді алып келу өте оңай. Сондықтан бұл жерде нақты, әдістемелік, ғылыми тұрғыда көмек, мүмкіндік керек, тиісті жағдай жасалуы қажет, - деді депутат.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: