Асхат Аймағамбетов мектептердегі соңғы қоңыраудың шегерілуіне қатысты пікір білдірді

24 Мамыр 2023, 13:25 1685

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептердегі соңғы қоңыраудың шегерілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Журналистер депутатқа «оқу жылының ұзарғаны, соңғы қоңыраудың шегерілгені оқушылардың біліміндегі олқылықтарды түзеуге мүмкіндік беретінін айтқан болатынсыз. Дегенмен қазір оқушылар мектепке кітаптарын өткізіп тастаған, сабақ оқып жүрген жоқ. Бұл қаншалықты орынды шешім болды деп есептейсіз?» деген сұрақ қойды.

Оқулық жинаса, бұл сұрақты маған қоймау керек. Бұл сұрақты Білім министрлігіне қою керек. Онда білімді, білікті кадрлар, қызметкерлер жеткілікті. Бұл мәселелермен әріптестеріміз айналысып, дер кезінде шешетініне сенімдімін, - деп жауап берді депутат.

Соңғы қоңыраудың 1 маусымға шегерілуіне қатысты ата-аналар да наразалықтарын білдірген болатын. Депутат бұл мәселеге байланысты былай деп жауап берді.

Біздің жұмыста тек бізге ұнайтын, барлығы қол соғатын шешімдерді қабылдамауымыз керек. Егер олай болатын болса, бұл тек популизм болмақ. Сонымен қатар біз ұнамайтын, мүмкін қазіргі уақытта түсінбейтін, бірақ елге, балаларға қажет болатын шешімдерді қабылдай білуіміз керек, - деп түсіндірді.

Миражан Махан
Бөлісу: