Қаржы пирамидасы: Алматылықтар 2 млн долларынан айырылды

17 Маусым 2022, 10:38 1797

ҚМА Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп «The Finiko» қаржы пирамидасы филиалының басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов айтты, деп хабарлайды El.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

«Finiko» ұйымдастырушыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу барысында 300-ден астам адам арыз беріп, жиналған қаражат көлемі 1,8 миллион АҚШ долларын және 630 миллион теңгеден астам соманы құрады.Аталған компания «Thefiniko.COM» бағдарламасы арқылы адамдарды тартуды жүзеге асырды, ал тартылған қаражат әлемдік биржалардағы сауда-саттыққа емес, іс жүзінде қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасында таратылды, - деді ол.

Оның айтуынша, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қорытындысына сәйкес, «Thefiniko» симулятор болып табылады және қатысушылар бұл бағдарламаны сауда мен инвестициялаудың нақты алаңы деп есептеп, ақша салады, ал компанияның өзі дүниежүзілік қор биржаларының бір де бірінде тіркелмеген.

Қылмыстық іс бойынша үш адам қамауға алынып, қаржы пирамидасының заңсыз қызметіне басқа тұлғалардың қатысы анықталуда.Осыған байланысты ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады.Егер сіз немесе сіздің туыстарыңыз «The Finiko» әрекетінен зардап шексе, Агенттіктің сенім телефонына хабарласыңыз, - деді Әбділов.


Бөлісу: