Қаржы министрі мемлекеттік қарыз не себепті өскенін түсіндірді

16 Маусым 2022, 12:16 2266

Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

Мемлекет борышының өсуі республикалық бюджет тапшылығын жабу қажеттілігімен және маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін қарыз алумен байланысты болды. Дегенмен бүгінгі таңда мемлекет борышы қауіпсіз деңгейде сақталуда. Ішкі жалпы өнімге шаққанда 27,4%-ды құрайды, - деп атап өтті ведомство басшысы.  

Сонымен қатар ол қарызды басқаруды одан әрі жетілдіру үшін тиісті шаралар қабылданады деп отыр. 

Біріншіден, бюджет тапшылығы кезең-кезеңімен азаятын болады. Бұл борыштың өсу қарқынын төмендетуге ықпал етеді. Екіншіден, көлеңкені экономиканы белсенді ету, әкімшілендіруді жақсарту және цифрландыру нәтижесінде салық түсімдерін біртіндеп ұлғайту жоспарлануда. Үшіншіден, қарыз алу кезінде ішкі нарықтың өтімділігі барынша пайдаланылатын болады. Бұдан басқа, заңнамада сыртқы қарыз қаражатын уақтылы игермегені үшін мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігін белгілеу жөнінде норма қабылданғанын атап өту қажет. Жалпы, Үкімет жүйелі түрде мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың борышын қалыптастыруға және басқаруға бақылауды күшейтетін болады, - деді  Ерұлан Жамаубаев.

Бөлісу: