Арзан бағада көлік сатып алмақ болған ақмолалық 4 млн теңгесінен айырылды

27 Наурыз, 05:08 1191

Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғыны сан соғып қалды. 31 жастағы ер адам арзан бағада көлік сатып алмақ болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өзінің алданғанын түсінген тұрғын дереу полициядан көмек сұраған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленуші көрші елдердің бірінен 3 млн 800 мың теңгеге автокөлік сатып алуды ұсынған алаяқтың құрбаны болған.

Ер адамға кездейсоқ танысы нарықтық бағадан төмен жақсы көлікті ұсынған және оған WhatsApp мессенджері арқылы интернеттен жүктелген көліктің суретін жіберген. Қолма-қол ақша алғаннан кейін алаяқ жәбірленушімен байланысты үзген.

Жедел-іздестіру кезінде күдікті ретінде елорданың 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол оңай олжасын жеке қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген. Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. 

Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Зарина Арман
Бөлісу: