Арыс тұрғыны өзі  тұратын көшені жарықтандырып, 3,5 мыңнан астам көшет еккен

14 Сәуір, 09:50 988

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны өзі тұратын көшені жарықтандырып, 3,5 мыңнан астам көшет отырғызған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Арыс қаласындағы А.Байтұрсынов көшесінің тұрғындары «Таза өлке» акциясы аясында өздері тұратын көшені абаттандырып қойған. Игі бастамаға аталған көшенің тұрғыны, белгілі кәсіпкер Азамат Байбосынов мұрындық болған. Жергілікті тұрғын өз қаржысына 12 дана түнгі жарықшам бағандарын орнатып, жұрттың алғысына кенелген. Ал бұған дейін, өз қаржысына бойы 2 метрден асатын 120 түп қара тал, 3000 дана бұталы ағаш, 200 түп роза көшеттерін сатып алған. Жасыл желекті көршілерімен бірге отырғызған.

Бүгінде әр тұрғын өз үйі іргесіндегі тал-дарақтарды тұрақты түрде күтіп-баптауда. Бұдан бөлек, адам көп жүретін көше болғандықтан қоқыс жәшіктерін де орнатыпты. 

Кәсіпкердің айтуынша таза, үлгілі көшеде тұру, халықтың алғысын алу - бала кезгі арманы.

Бұл идея менің бала кезгі арманым болатын. Жарық және таза, үлгілі көшеде тұру деген. Мен ынтымағы жарасқан көршілеріме алғысымды айтамын. Биыл қала әкімі бастамасымен өтетін жылдағы үлгілі көше атануға қатысу ойымызда бар, - дейді Азамат Шералыұлы.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: