Арыс қаласында 11-сынып оқушысы әлемдегі 21 университеттен шақыру алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Шапағат Сейілхан 10-сыныпта шетелдік оқу орындарына түсуге дайындала бастаған. Еңбегі еш кетпеген оқушы тек тіл үйреніп қоймай, өміріне әсер етер нәтижеге қол жеткізді. Ол 21 шетелдік университеттен оқуға шақыру алды.
Арыстық оқушы ағылшын тілін 6-сыныптан бастап оқып, IELTS сынағына 10-сыныптан бастап әзірленген. Нәтижесінде жоғары бал иеленеді. Осылайша, ол АҚШ-тағы және әлемнің басқа елдеріндегі жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігіне ие болды.
Мен екі университеттің – Калифорния немесе Чикаго университетінің бірін таңдағым келеді. Мысалы, Чикаго университетінің рейтингі тек Америка Құрама Штаттарында ғана емес, бүкіл әлемде жоғары, - дейді Шапағат Сейілханның өзі.
Оған шетелдік университетке түсуге арналған мотивациялық хат көмектескен. Түлек жоғары білім алу мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қарапты.
Мотивациялық хатта тұлғамды немесе өмірімді өзгерткен жағдайды сипаттау керек еді. Бұл ерекше жағдай туралы өте жақсы жаздым деп ойлаймын. Бұл хат мені 21 университеттің шақыруына себеп болды, - дейді оқушы.
Шапағат Сейілхан болашақта өзінің өмірін халықаралық қатынастар саласымен байланыстырғысы келеді. Яғни білім алып, елші болуды армандайды.